Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мексика бизнесмендері қалаларға әскер кіргізуді сұрап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексиканың Үйлестірушілік кәсіпкерлік кеңесі биліктен бензин бағасы көтерілгеннен кейін басталған тәртіпсіздіктер барысында болып жатқан зорлық-зомбылық пен ұрлық артып отырған қалаларға федералды күштерді енгзуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «РИА Новости» агенттігіне сілтеме жасап.

Мексика бизнесмендері қалаларға әскер кіргізуді сұрап отыр

«Біздің қызметкерлердің, клиенттеріміз бен дүкендеріміздің қауіпсіздігін және құқықтарын қорғау үшін штаттар мен қалалардың полиция күштері жеткіліксіз түрде жұмылдырылғаны айдан анық. Зардап шеккен негізгі қалаларға федералды күштердің енгізілуін сұраймыз», - делінген ұйымның хабарламасында.

Кеңес мүшелерінің айтуынша, вандализм актілеріне ұласқан қарсылық акциялары кәсіпкерлер, дүкендер, туризм мен мейрамханаларға зардап тигізуде.

Сондай-ақ бизнесмендер бензиннің қымбаттауына байланысты әлеуметтік желілер арқылы құқыққа қарсы әрекеттерге үндеген хабарламаларға егжей-тегжейлі тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

1 қаңтар күні бензиннің шамамен 20 пайызға көтерілуіне қарсы басталған қарсылық акциялары жаппай тәртіпсіздіктерге және сауда нүктелерінің тоналуына ұласты. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бірнеше күннің ішінде шағын, орта және ірі бизнестің 400-ден астам сауда нүктесіне қарақшылық шабуыл жасалды.

Тонау фактілері латиноамерикалық мемлекеттің барлығы 12 штатында белгіленді.