Мексика джунглиінде маялықтардың көне қаласы табылды
АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Археологтар Мексиканың ит тұмсығы өтпес ну ормандарының бірінен маялықтардың мың жылдық көне қаласын тапты.
Бұл жайында vesti.ru хабарлайды.
Табылған қалаға «Чактун» деп ат қойылған. Үндістердің тілінде бұл «үлкен тас» немесе «қызыл тас» дегенді білдіреді. Қала аумағы шамамен 22 гектар жерді алып жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, қала 600-900 жылдары гүлдену үстінде болған.
Шамамен 1000-шы жылдары қала халқы жаппай көшіп кеткен. Қоныс аударуға не себеп болғаны белгісіз. Оған соғыс, не аштық, не демографиялық мәселелер ықпал етуі мүмкін. Ешқандай тарих деректерінде аты аталмаған шаһарда археологтар көптеген ескерткіштер, құрбандық шалатын орындар, діни-салттық құрылғылар, қарапайым халық баспаналары пен ақсүйектердің сарайларын тапқан. Оған қоса, Чактунда биіктігі 23 метрден асатын 15 пирамида да табылған. Археологтардың айтуынша, мың жылдық тарихы бар шаһар өзінің бастапқы қалпын сақтап қалған.