Мексика президент ұшағын Тәжікстанға сатты

None
Фото: apnews.com
МЕХИКО. ҚазАқпарат – Мексика президенті Лопес Обрадор 4,5 жыл бойы сата алмаған президенттік Boeing 787 джетін сатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат AP News сайтына сілтеме жасап.

Мексика басшысының айтуынша, президенттік ұшақ Тәжікстан үкіметіне шамамен 92 миллион долларға сатылған.

Лопес Обрадор 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы ұлықтаудан кейін ұшақты пайдаланудан бас тартып, оны әуе кемесінің қымбаттығымен түсіндірген.

Аскетизмді ұстанатын ел президенті әдетте коммерциялық рейстермен ұшады.

Мексика президенті әуе кемесін тіпті аукционда сатуға тырысқан.

Ұшақ бастапқыда бұрынғы президент Энрике Пенья Ньето үшін 200 миллион долларға алынған.

Ұшақты сатудағы қиындықтар оның тек 80 жолаушыны қабылдай алатынына және душы бар президенттік люкс бөлмесіне байланысты.

Сарапшылардың пікірінше, бұл көлікті 300-ден астам жолаушы мінетін ұшаққа айналдыру жұмысы қымбатқа түсер еді.

Километражы аз болғанына қарамастан, Мексика қызмет көрсету шығындарының қымбаттығына байланысты Boeing 787-ден құтылуға асықты.

«Өте ұзақ уақыттан кейін ғана ұшақты саттық. Біз бақыттымыз», - деді Лопес Обрадор ұшақтың ішінде түсірген видеосында.

Оның айтуынша, ұшақты сатудан түскен қаражат екі аурухана салуға жұмсалады.


Соңғы жаңалықтар
telegram