Мексика шығанағындағы апатты жағдай Қашағанда қайталанбайды

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мексика шығанағында мұнайдың төгілуі секілді апатты жағдай Қашағанда қайталанбайды. Бұл туралы бүгін Астанада «North Caspian Operating Company» (NCOC) компаниясының басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев айтты,

Мексика шығанағындағы апатты жағдай Қашағанда қайталанбайды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы тұрғыда нақты айтарым, біз аталған оқиғадан барынша сабақ алуға тырыстық. Қазіргі кезде барлық тиісті шаралар атқарылды, сондықтан біз техникалық қауіпсіздіктің барлық талаптарын ескергенімізді тағы бір айқындап алдық. Атап айтқанда, бізде мұнайдың төгілуіне байланысты қандай да бір қауіптер мен тәуекелдер туындап отырған жоқ»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қашағандағы базалар соңғы буынды техникамен жабдықталып, барлық қажетті жабдықтармен, кемелермен, сондай-ақ ең бастысы - тиісті дайындықтан өткен мамандармен қамтамасыз етілген. «Біз осындай жұмыстарды күшейтілген тәртіпте өткізгенбіз, өткізудеміз және де бұдан ары да жалғастыратын боламыз»,-деді Ж. Марабаев.

NCOC компаниясы Солтүстік Каспий бойынша Өнімді бөлісу келісімі жобасын іске асыруда, яғни әлемдегі ірі мұнай кен орынын (Қашаған кен орны) игеру тұрғысындағы жұмыстармен айналысады. Жобада Қазақстанның үлесі 16,81 пайызды құрайды. Дәл осындай үлес итальяндық «Eni», француздық «Total», американдық «Exxon Mobil» және ағылшын-голландиялық «Shell» компанияларына тиесілі. Сондай-ақ жапондық «Inpex» мұнай компаниясында 7,56 пайыз акция, ал «ConocoPhillips» (АҚШ) компаниясында акция көлемі - 8,40 пайызды құрап отыр.