Мексика шығанағындағы апаттың Каспийді игеру барысында қайталануына жол бермеуге ниеттіміз - Т.Құлыбаев

СТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мексика шығанағындағы апаттың Каспийді игеру барысында қайталануына жол бермеуге ниеттіміз, деді бүгін елордада өтіп жатқан «KAZENERGY» 5-ші еуразиялық форумда сөз сөйлеген «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев.

Мексика шығанағындағы апаттың Каспийді игеру барысында қайталануына жол бермеуге ниеттіміз - Т.Құлыбаев

Форумға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде: «Каспий өңірі әлемдік энергетикалық қауіпсіздіктің маңызы факторы болып табылдады», деп атап өткен ол елімізде энергияның балама көздерін дамыту қажеттігіне баса тоқталды. «Энергия көздерін жеткізу жаңа орталықтарының ғана рөлі артып отырған жоқ. Сонымен қатар оның жаңа түрлері: атом, тақта тастық газ, күн, жел энергиясы және басқа жаңаратын энергия көздерінің рөлі арту үстінде», деді.

Сондай-ақ бүгінгі форумның күн тәртібінде экология мәселесі де ерекше орын алатындығын баса айтқан Т.Құлыбаев: «Біз Қазақстанда Мексика шығанағындағы апаттың Каспийді игеру барысында қайталануына жол бермеуге ниеттіміз және бүгінгі форумда оған сессия арналып отыр», деп түйіндеді сөзін.

Айта кетейік, АҚШ жағалауындағы мұнай апаты 2010 жылғы сәуірдің 20-сында тұғырдағы метан газының жарылуы салдарынан болған еді. Екі күн өткенде тұғыр суға батып кетті де, 1,5 шақырым тереңдіктегі ақау пайда болған ұңғыдан теңізге мұнай құйылды. Апат ауыздықталған уақытқа дейін теңізге бірнеше миллион литр мұнай төгілді. Бұл АҚШ тарихындағы ең үлкен апат саналып отыр.