Мексикада белгісіз біреулер 16 адамды өлтіріп кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мексиканың орталығындағы Сакатекас штатында екі жаппай кісі өлтіру оқиғасы тіркелді. Жалпы саны 16 адам өлтірілді, деп сенбі күні Twitter-де жергілікті прокуратура жазды.

Мексикада белгісіз біреулер 16 адамды өлтіріп кетті

«Фреснильо және Панфило-Натера муниципалитеттерінде 10 және 6 адамның мүрдесі табылды», - делінген хабарламада. Билік өкілдері тергеу амалдарына кірісіп кетті.

«Тергеу барысы жайлы ақпарат тек ресми арналар арқылы таратылады», - деп ескертті ведомствода. Оқиғаға не себеп болғаны жарияланған жоқ.

Сакатекасте «Синалоа» және «Халисконың жаңа буыны» есірткі картельдері арасында жанжал бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұл шиеленіс аймақтағы зорлық-зомбылықтың күрт өсуіне әкеп соқтырды. 2019 жылы өңірде қылмыскерлер қолынан 700 адам көз жұмған болса, 2021 жылы 1,6 мың адам мерт болды. Билік өкілдерінің бағамдауынша, бұл кісі өлтіру оқиғаларының 90%-дан астамы ұйымдасқан қылмыстық топтың мойнында.

2021 жылы Мексикада 33 308 адам өлтірілген. Бір жыл бұрын цифра бұдан 1 246-ға көп болған. Ұлттық статистика және география институтының зерттеуіне сәйкесғ елде ересектердің 65,8% тұрғылықты жерінде өзін қауіпсіз сезінбейді. Ал Сакатекастағы Фреснильо қаласында бұл көрсеткіш 96,8%-ға жеткен.