05:33, 31 Шілде 2015 | GMT +5
Мексикада болған көлік апатынан қаза тапқандар саны 27-ге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексиканың орталығындағы Сакатекас штатында жүк көлігінің қатысуымен болған апаттан қаза тапқандар саны 27-ге жетті, олардың 6-ауы - балалар, деп хабарлайды ТАСС.

Жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні қаланың Масапиль ауданында құм тиеген жүк көлігі Әулие Григорий шіркеуіне бет алған бір топ адамға келіп соғылған. Оқиға салдарынан жалпы саны 150 адам жапа шеккен. Аймақтық ауруханада 46 адам жатыр, оның 34-інің халі ауыр.
Штат губернаторы Мигель Алонсо Рейестің айтуынша, барлық жапа шеккендердің ем-домын мемлекет көтереді.
Осы оқиғаға байланысты Мексика президенті Энрике Пенья Ньето құрбан болғандар мен жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Белгілі болғандай, көлік жүргізушісі жылдамдықты асырып жіберген, соның салдарынан басқаруға ие бола алмай қалған. Кейін ол оқиға орнынан ізін суытқан. Қазір іздестіру жүргізіліп жатыр.