Мексикада дауылдың күшеюі салдарынан жағалаудан 50 мың адам қауіпсіз жерге көшірілуде
Қызметтің ұлттық үйлестірушісі Луис Фелип Пуэнтенің айтуынша, Халиско, Наярит және Колима штаттарында билік шамамен 50 мың адамды қауіпсіз жерге көшіруді бастады, деп хабарлады РИА «Новости» .
«Дауыл Пуэрто-Валярта қаласына және Колима, Халиско, Наярит штаттарына шығын әкелетінін байқап отырмыз, себебі желдің күші сағатына 280 шақырымға жеткенімен қоймай, дауылдың қуаттылығы жауын-шашынның да қарқынын күшейте түсуде», деген Пуэнте сөзін келтірді El Universal порталы.
«Патрисия» дауылы төртінші санатқа дейін артты. Қазір оның кіндігі Мичоакан штатынан 385 шақырымда, Колима жағалауынан 445 шақырымда. Желдің күші сағатына 215 шақырымға жетті.
Ол дауыл бесінші санатқа дейін көтерілетінін атап өтті. Алайда Мексика аумағына жеткенде үшінші санатқа төмендеуі мүмкін.
Желдің күші сағатына 119 шақырымнан асса, дауыл құйынға айналады. Бесінші санатты дауылда жел сағатына 250 шақырымға жетеді. Мұндай жағдай апатты салдарға әкелуі мүмкін.