Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — Мексиканың Нуэво-Леон штатындағы Монтеррей қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге арналған мурал салынды, деп хабарлайды dimashnews.
Ерекше туындыны жергілікті жанкүйерлер сүйікті әншісіне арнаған сый ретінде тарту етті. Оларды Димаштың шығармашылығына деген ортақ сүйіспеншілік біріктірген.
Бастаманы Dimash&DearsRegiasMty фан-клубының мүшелері Мексикалық Dears por Dimash альянсының қолдауымен жүзеге асырды. Муралдың авторы — Antonio Art Mural шығармашылық атымен танымал суретші Антонио.
Димаштың үлкен портреті Монтеррейдің орталығындағы Francisco Javier Mina 1140, Centro мекенжайында орналасқан. Енді қала тұрғындары мен қонақтары мексикалық Dears-тің қазақстандық өнер иесіне деген ықыласын бейнелейтін туындыны тамашалай алады.
Фан-қоғамдастық өкілдерінің айтуынша, муралдың олар үшін маңызы зор. Бұл — сүйікті әншінің жай ғана портреті емес, оның өнеріне деген шынайы ризашылық пен Мексика және Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың символы.
— Біздің ойымызша, бұл көркем туынды жай ғана визуалды арнаудан әлдеқайда маңызды. Ол — мексикалық жанкүйерлердің, әсіресе Монтеррейдегі Dears қауымдастығының шынайы сүйіспеншілігі мен құрметінің көрінісі. Біз Димаш пен оның Отаны — Қазақстан арқылы қалыптасқан өнер және мәдени байланысымызды айшықтағымыз келеді, — деп бөлісті Dears por Dimash Мексикалық альянсының өкілдері.
Муралдың салынуы Димаш Құдайбергеннің Монтеррейде өтетін концерті қарсаңында ерекше маңызға ие болып отыр. Әншінің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті 14 қарашада өтеді.
Жанкүйерлер өздерінің шығармашылық сыйы екі ел арасындағы достықтың тағы бір нышанына айналып, өнері бүкіл әлем тыңдармандарын біріктіретін қазақстандық әншіні Мексика тұрғындарына кеңінен таныстырады деп үміттенеді.
Осыдан бұрын мексикалық жанкүйерлер Димаш Құдайбергенге музыкалық тосынсый жасағанын жазғанбыз.