Мексикада құс тұмауынан алғашқы өлім жағдайы тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Мексикада құс тұмауының H5N2 штамын жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді. Бұл әлем бойынша зертханада расталған тұңғыш оқиға, деп хабарлайды ABC News

Коронавирус
Фото: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сәрсенбіде Мексикада құс тұмауы түрінен алғаш рет өлім жағдайы тіркелгенін растады.

Вирустан қайтыс болған 59 жастағы тұрғын үй құстарымен немесе басқа жануарлармен байланыста болмаған. 

Осы жылдың 17 сәуірінде науқастың дене қызуы көтеріліп, жүрек айну, диарея, ентігу және жалпы әлсіздік пайда болды. 24 сәуір күні ол Мехикодағы Ұлттық респираторлық аурулар институтына жатқызылып, сол күні қайтыс болды.

ДДҰ мәліметінше, науқастың туыстары оның қосымша аурулары бар екенін хабарлады: бұған дейін оған созылмалы бүйрек ауруы, 2 типті қант диабеті және гипертензия диагноздары қойылған. 

Сынақ қорытындылары пациенттің H5N2 кіші типті құс тұмауын жұқтырғанын көрсетті, ол бұрын адамдарда тіркелмеген.

Ұйым мәліметінше, денсаулық сақтау қызметкерлері жүргізген тергеу барысында жаңа жағдайлар тіркелмеген. Науқаспен байланыста болған адамдардың барлық сынақтары H5N2 тұмауы мен COVID-19 үшін теріс нәтиже көрсетті. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жалпы халық үшін ауру жұқтыру қаупі төмен. Бұл штамм қазіргі уақытта АҚШ-та мал арасында таралып жатқан және Техас пен Мичигандағы үш сүт фермасында тіркелген құс тұмауының «H5N1» штамынан ерекшеленеді.

Соңғы жаңалықтар