Мексикада марихуананың соңғы он жылдағы ең үлкен партиясы тәркіленді

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Мексиканың есірткі полицейлері АҚШ-пен шекарадағы Тихуана қаласында марихуананың соңғы он жылдағы ең үлкен партиясын тәркіледі. Жалпы салмағы 105 тоннаға тартып отырған есірткіні сарапшылар 344 миллион долларға бағалап отыр,

Мексикада  марихуананың   соңғы он жылдағы ең  үлкен партиясы тәркіленді

деп хабарлайды Utro.ru сайты.

Операция дүйсенбі, қазанның 18-інде жүзеге асырылды. Мексиканың қауіпсіздік күштері марихуана тасымалдап бара жатқан бірнеше көлікті тексеру үшін тоқтатты. Есірткі саудагерлері қарсылық көрсетіп, оқиға салдарынан бір үкіметтік агент пен есірткі саудагерлерінің бірі оқ жарақатын алды.

Тәртіп сақшылары есірткіге қоса сондай-ақ бірнеше жүк көлігін және ірі калибрлі екі тапанша тәркіледі. Есірткі саудасымен айналысады деген күдікті 11 адам қамауға алынды.

Солтүстік Мексика Оңтүстік Америкадан АҚШ-қа есірткі жеткізілетін үлкен аралық база болып табылады. Сарапшылардың айтуынша, оңтүстік шекара арқылы АҚШ-қа жеткізілетін есірткінің айналымы бірнеше ондаған миллиард долларға бағаланады.