Мексикада мыңдаған адам сайлау реформасына қарсы шықты
Ең үлкен наразылық шарасы Мехико қаласында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 500 мың адам шеру құрып, қаланың бас алаңынан жүріп өткен. Алайда, жергілікті үкімет наразылық шарасына 90 мың адам шықты деп мәлімдеді.
Мексиканың парламент мүшелері өткен аптада президент Андрес Мануэль Лопес бастаған реформаны қолдап, дауыс берді. Бұл реформа ұлттық сайлау институтының бюджеті мен штатын қысқартуды көздейді.
Бірақ, реформаға қарсы шыққандар бұл демократияға нұқсан келтіреді және ел конституциясына қайшы деп санап, жоғарғы соттан оның қабылданбауын талап етеді.
Жексенбі күні Мехиконың Сокало алаңына халық көп жиналды. Шерушілер қала орталығындағы көшелерге де шықты.
Мексиканың басқа да бірнеше қаласында шағындау және бейбіт шерулер өтті.
Мексика сенаты сәрсенбі күні ел парламентінің төменгі палатасы дауыс бергеннен кейін реформаны мақұлдады. Реформа президент заңға қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
Екі рет дауыс жинай алмай, 2018 жылы шілдеде сайланған елдің қазіргі президенті Андрес Мануэль Лопес ұзақ уақыт бойы ұлттық сайлау институтын сынап келді. Өткен айда ол тәуелсіз ұйымға алаяқтық жасады деген айып тақты. Оның қызметкерлері «сайлау жәшіктерін толтыру, (сайлау) хаттамаларын бұрмалау және дауыстарды сатып алу әрекеттеріне» көз жұмып отырғанын айтты.
Бірінші рет сайлауға түскенінде, яғни 2006 жылы Андрес Мануэль Лопес қарсыласы Фелипе Кальдероннан аз ғана басымдықпен жеңіліп қалған. Ол алаяқтық жасалды деп, сайлау нәтижесін айлар бойы мойындаудан бас тартты.
Сондай-ақ, екінші рет, яғни 2012 жылғы сайлауда Энрике Пенья Ньетодан жеңілген кезде де дауласқан.
2018 жылғы жеңісінен бері Лопес институтты реформалауды талап етіп келеді. Оның айтуынша, агенттік штатын күрт қысқарту арқылы салық төлеушілер жылына 150 млн доллар үнемдейді.