Мексикада полицей дауылдың кесірінен екі күн бойы аш жатқан сәбиді емізді
33 жастағы полиция қызметкері Аризбет Дионисио Амбросио Мексиканың Акапулько қаласындағы құтқару жұмысы кезінде алыстан баланың жылаған даусын естіген. Kazinform бұл туралы ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тағы біраз уақыт өткеннен кейін өзінің де екі баласы бар Амбросио сәбидің үнін тағы естіп, себебін анықтауға тырысады.
Сол кезде төрт айлық баланың анасына кезіккен. Әйел ұлының екі күннен бері ештеңе жемегенін, қарны ашып жылап жатқанын айтқан.
«Мен оған қазір өзім де бала емізетін ана екенімді, қаласа баласын емізіп бере алатынымды айттым», — дейді полиция қызметкері мексикалық N+ телеарнасына берген сұхбатында.
Амбросио қорғаныс жабдықтарын шешіп, аш баланы емізгеннен кейін сәби жылауын қойған.
«Көңілім жайланып қалды. Бала ғой, аналарға ең қиыны — балаңды осындай жағдайда көру», — дейді ол.
Осы сәт Акапулькоға құтқару командасын жіберген Мехиконың азаматтық қорғаныс хатшылығының демалыс күні жариялаған суретінде бейнеленген.
Суреттер әлеуметтік желілерге тарап, жақында болған дауылдан зардап шеккен Акапулькоға алаңдап отырған адамдарды тебірентті.
Акапулько курорт қаласы мен оның маңындағы муниципалитеттер жойқын «Отис» дауылынан кейін енді ес жиып жатыр.
31 қазанда жарияланған ресми дерек бойынша, дауыл салдарынан 45 адам мерт болып, 47 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен.