Мексикада «Трамптың ұлы қорғанына» қарсы ереуілдер өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексика астанасында 20 мыңға жуық адам АҚШ президенті Дональд Трамптың көші-қон саясатына қарсы ереуіл өткізді. Атап айтқанда, олар Трамптың шекарада салынатын ұлы қорғанның ақысын мексика үкіметіне төлету жоспарына наразы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Би-Би-Си-дің жазуынша, дәл осындай көтерілістер Мексиканың өзге де қалаларында өтті.
Ереуілшілерге ондаған мексикалық университет, бизнес-қауымдастықтар және қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетті.
Дональд Трамп өз қызметіне кіріскен соң, Оңтүстік Американың барлық аумағынан заңсыз иммигранттар мен есірткі сатушылардың АҚШ-қа өтуінің жолын кесу үшін Мексикамен шекараға ұлы қорған тұрғызу туралы жарлыққа қол қойған болатын.
5 ақпан күні АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Джон Келли қорған құрылысының екі жылға созылатынын және ол жақын күндері басталатынын мәлімдеді.