Мексикада түрмеден 85 тұтқын қашып кетті
Қашу әрекеті жұма күні жергілікті уақыт бойынша таңертең жасалған. Рейнос қаласындағы бұл түрмеде негізінен наркокартельдердің мүшелері отырады. Мексика прокуратурасының өкілі адамдардың түрмеден қашу фактін растағанымен, оқиғаның мән-жайына тоқтала қойған жоқ, деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
Жергілікті радиостанса мен El Norte газетінің полицияға сілтеме жасап хабарлауынша, қашу оқиғасы кезінде қызметте болған түрменің 40-тан астам қызметкері қамауға алынған. Ақпарат көздері екі күзетшінің табылмай отырғанын хабарлап отыр.
Мексика Президенті Фелипе Кальдерон 2006 жылы билік басына келгеннен кейін ұйымдасқан қылмысқа және есірткі мафияларына қарсы соғыс жариялаған болатын. Мемлекеттік қызметкерлер мен полиция шенеуніктерінің арасындағы тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлықты ескере отырып, ол бұл күреске армияны тартуға да мәжбүр болған еді. Мексикада 2006 жылдан бері ұйымдасқан қылмыстың және есірткі мафияларының қолынан 28 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Сарапшылардың бағалауынша, жыл сайын Мексика аумағы арқылы АҚШ-қа, Еуропа мен Азияға жалпы сомасы 40 миллиард доллардың есірткісі жеткізіледі екен.