Мексикада ұйымдасқан қылмыспен байланыстары үшін 48 полицей тұтқындалды
АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат - Мексиканың солтүстігіндегі Төменгі Калифорния штатында ұйымдасқан қылмыспен ымыраласқан деген айыппен 48 полиция қызметкері тұтқындалды. Бейсенбі күні жергілікті билік өкілдері хабарлағандай, тәртіп сақшыларының «қатарын тазалау жөніндегі» бұл операция елдегі соңғы жылдардағы ең үлкен іс-шара болып отыр.
Жемқор полицейлерді комиссариаттардың біріне арнайы келген әскерилер тұтқындады. Оларға АҚШ-пен шекаралас ауданда әрекет ететін қылмыстық топтарға көмектесіп келген деген айыптар тағылып отыр. Жақын күндері олар Мехикоға жеткізіледі және олардың істерін Бас прокуратура қарайтын болады.
Мексиканың қазіргі президенті Фелипе Кальдерон 2006 жылы билік басына келгеннен кейін қылмысқа қарсы үлкен күрес жариялап, осы мақсаттағы іс-шараларды күшейтуге 45 мың сарбаз және 20 мың полиция қызметкерін жасақтады және олар қылмыстық жағдай өте күрделі аудандарға жіберілді. Дегенмен, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл шара күткендей үлкен нәтиже бере қойған жоқ: соңғы 4 жылда республикада зорлық-зомбылықтың салдарынан 25 мыңдай адам қаза болған.