Мексикадан жеткізілетін жеміс-көкөністер Трамп тарифіне байланысты қымбаттауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп оңтүстік шекара арқылы өтетін барлық тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізетін болса, америкалық тұтынушылар Мексикадан келетін азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне тап болуы мүмкін, деп хабарлайды NBC News.
Дейвистегі Калифорния университетінің мәліметінше, Мексика – Құрама Штаттарға қызанақ, авокадо, таңқурай, болгар бұрышы және құлпынайдың жетекші шетелдік жеткізушісі.
АҚШ Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Мексикадан 2022 жылы АҚШ-қа көкөніс импортының 69%-ы және жаңа піскен жемістер импортының 51%-ы жүзеге асырылған.
2000-2021 жылдар аралығында Мексиканың АҚШ-қа бау-бақша экспортының құны төрт есе өсті.
Америка тұрғындары сондай-ақ АҚШ-та №1 танымал Corona және Modello сыраларының қымбаттауына тап болуы мүмкін.
Мексика – Құрама Штаттарына азық-түлік экспортының негізгі көзі, оған төмен еңбек шығыны (кейде АҚШ ауылшаруашышығы қызметкерлерінің жалақысынан бес есе аз) және жемістер мен көкөністерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік беретін қолайлы климат себеп болып отыр.
Экономистер Трамптың тариф саясаты инфляцияны тудыруы мүмкін деп алаңдайды. Осылайша, «Goldman Sachs» сарапшылары Д.Трамптың жоспарлаған шаралары инфляцияның 1%-ға жуық өсуіне әкелетінін есептеді.
Мексикада өндіріс орындары бар бірқатар ірі компаниялардың АҚШ-тың тарифтік саясаты әсер етуі мүмкін екенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social платформасында жариялаған мәлімдемесінде, президент қызметіне кіріскен алғашқы күні, яғни 20 қаңтарда, Қытай, Мексика және Канададан келетін тауарларға жаңа тарифтер енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.