Мексикалық Карлос Слим тағы да әлемнің ең бай адамы деп танылды
АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат - Мексикалық магнат Карлос Слим Forbes журналының нұсқасы бойынша тағы да әлемнің ең бай адамы деп танылды. Оның байлығы 74 миллиард долларға бағаланып отыр, былтыр ол 20,5 миллиард доллар табыс тапқан, деп хабарлайды РБК агенттігі.
71 жастағы бизнесмен мексикалық Telefonos de Mexico телекоммуникациялық компаниясына иелік етеді. Ол сондай-ақ New York Times басылымы мен Globo Corso корпорациясының қомақты акцияларына ие.
Екінші орында - Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс тұр, оның байлығы - 56 миллиард долларға бағаланып отыр, бұл былтырғы көрсеткіштен 3 миллиард долларға көп. Ал үшінші орынды американдық миллиардер Уоррен Баффет иеленіп отыр. Былтыр да үшінші орынды қанағат тұтқан Berkshire Hathaway Inc инвестициялық компаниясының қожайыны, да былтырғы байлығын 3 миллиард долларға арттырған. Биыл оның байлығы 50 миллиард долларға бағаланып отыр.
Forbes рейтингіне әлем елдерінен 1210 миллиардер кіріп отыр. Ал олардың жалпы дүние-мүлкі 4,5 триллион долларға бағаланып отыр, бұл Германияның жалпы ішкі өнімінен асып түседі. Миллиардерлердің қатарында бұрынғысынша АҚШ азаматтары көбірек- бұл жолы тізімге 413 американдық кіріп отыр. Одан басқа, Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай елдерінің өкілдері де көп.