Мексикалық мұғалімдер бас көтерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексика астанасы Мехико қаласында мыңдаған мұғалімдер ереуілге шықты. Олар еңбекақыларының өз уақытында берілмей отырғанына ашулы, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Наразы топ еңбек жағдайының төмендігі мен өздерінің құқықтарының шектелуіне де қарсылық білдіруде. Ереуілшілер шаһардың басты алаңында шатыр құрып, жол қозғалысына кедергі келтіріп отыр. Наразылық акциясын ұйымдастырушылар жергілікті билік қойылған талапқа лайықты жауап берілмесе, ереуілді жалғастыра түсетінін жеткізуде.
Мұғалімдер одағының өкілі Рубен Нунез: «Барлық қоғамдық ұйымдарды, жұмысшыларды, фермерлер мен үй шаруасындағы әйелдерді бізге қосылуына шақырамыз. Барлығымыз бірлесіп, еңбек етушілердің құқығын қорғауды талап етуіміз қажет», - дейді.
Мексика үкіметі мемлекет қазынасының бестен бір бөлігін білім беру саласына жұмсайды. Бірақ соған қарамастан, мексикалық оқушылар сабақ үлгерімі бойынша төменгі көрсеткішке ие.
Жалпы, Мексикада әлеуметтік түйткілдер өте көп. Әсіресе, қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыстың өршіп тұрғаны ел дамуына кері әсерін тигізуде.