Мексикалық полицейлер АҚШ-тан келген жекпе-жек өнерінің шеберін өлтіріп тастады

АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Жекпе-жек өнерінің шебері АҚШ-тық Йеуди Эстрада Карреро Мексиканың Плайя-дель-Кармен атты курорттық қаласында жергілікті полицейлердің қолынан қаза табуы мүмкін. Бұл туралы «РИА Новости» Кинтана-Роо штатының прокуратурасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Мексикалық полицейлер АҚШ-тан келген жекпе-жек өнерінің шеберін өлтіріп тастады

Мексика билігінің деректері бойынша, 28 жастағы спортшы өзі тұрып жатқан үйінің маңында патрульдік көліктің ішінде тұншықтырып өлтірген. Қолына кісен салынып, көкала қойдай сабалған Каррероның мүрдесі полиция көлігінің жүксалғышынан табылған.

Қылмыстық іс бойынша, алты полиция қызметкері ұсталды. Олардың айтуынша, Эстраданың үйіне көршілердің шағымы бойынша келген. Спортшы полициядан қашып кетпек болған, алайда оны ұстап алған. Полицейлердің айтуынша, олар бөлімшеге келген соң ғана Эстраданың өліп қалғанын көрген.

Осыған ұқсас оқиға Мексиканың Акапулько қаласында да болған. 2012 жылдың 28 қазанында ресейлік акробат Антон Алферов қайтыс болған еді. Полицейлер оны қорғалатын аумаққа өтіп кеткені үшін ұстаған. Сол кездегі хабарламалар бойынша спортшы тәртіп сақшыларынан қашу үшін 12 метр биіктіктен суы жоқ бассейннің орнына секірген. Алайда сонда да қолға түсіп қалған. Сосын қамауда отырып басқа ұсталғандармен төбелесіп, одан кейін өзіне өзі қол жұмсамақ болып, қабырғаға басын соққылаған. Герреро штатының прокуратурасы Алферов осындай қимыл-әрекеттерімен өзіне ауыр жарақат салып, содан көз жұмды деген шешімге келген болатын.