Мексиканың теңіз флоты сегіз тоннадан астам есірткі тәркіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Мексиканың әскери теңіз флотының бөлімшелері Мичоакан мен Герреро штаттарында жалпы салмағы 8361 келі болатын есірткі тиілген қайықтарды ұстады. Сондай-ақ тағы 23 адам тұтқындалды, деп хабарлайды Әскери теңіз күштері.

есірткі тиелген қайық
Фото: Риа Новости

«Әскери теңіз персоналы 8361 келі заңсыз жүк тәркіледі. Бұл теңіз операциясы кезінде тәркіленген ең ірі көлемдегі есірткі, мекеме тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған»,-делінген министрліктің сайтында.

Сондай-ақ онда есірткі мен отын тиелген жылдам жүзетін катерлер Мичоакан мен Герреро штаттарының жағалауында кемелер мен теңіз авиациясының көмегімен қолға түсірілгені хабарланды.

Есірткі тиілген қайықтарда отырғандар қуғын кезінде қаптарды суға лақтырып, қылмыстарының ізін жасырмақ болған. Барлығы 23 адам ұсталды.