Мексиканың батысында жеңіл ұшақ құлап, екі адам ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексиканың батысындағы Мичоакан штатында Cessna 182 жеңіл ұшағы құлап, екі адам ажал құшты. Бұл туралы ТАСС жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлады.
Апат Уруапан қаласының маңында орын алған. Ұшқыш оқиға орнында, ал оның әйелі бірнеше сағаттан кейін қалалық ауруханада алған жарақаттары салдарынан көз жұмды. Бортта болған олардың 26 жастағы қыздарының жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалады.
Оқыс оқиғаға техникалық ақау себеп болған. Бұл туралы ұшқыш диспетчерге хабарлап үлгерген. Ұшақ Уруапан әуежайынан шамамен бір шақырым жерде құлады.