Мектеп асханаларының 20 пайыздан астамы талаптарға сай емес - Денсаулық министрлігі
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Мектеп асханаоарының 20 пайыздан астамы талапқа сай жұмыс істемей отыр. Олардың дені материалдық-техникалық жарақтандыру мен тағам мөлшерін қалыптастыруға қатысты бұзушылықтарға барып отыр. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жүргізілген тексерулер барысында анықталған. Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес отырысында мектептегі баланың тамағын ұйымдастыру мәселесін талқылау барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов осылай мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда ыстық тамақпен қамту республиканың 360 ауылдық аз жиынтықты мектептерінде ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, Қазақстан мектептерінің 18,8 пайызы ғана жаңа технологиялық қондырғылармен жабдықталып отыр.
«Тексерістер барысында анықталғанындай, республика бойынша мектептердің орташа алғанда 6,7 пайызында ыстық тамақпен қамту барысындағы құнарлылық талапқа сай емес. Алайда бұл көрсеткіш Алматы қаласында 40 пайызға жетсе, Астанада - 28 пайыз, Батыс Қазақстан облысында - 21 пайыз»,- дейді вице-министр. Бұдан бөлек, вице-министр мектептердегі ауыз су сапасының да тиісті деңгейде болмайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, республика мектептерінің 2 пайызында су микробиологиялық көрсеткіштерге сай емес.
«Мектеп асханаларының 60,5 пайызы жеке кәсіпкерлермен жалға алынған. Келесі проблемалы мәселенің бірі жалға алған кәсіпкерлердің жиі ауысуына қатысты болып отыр. Олардың жылына 2-3 рет ауысуына байланысты тіркеу жоспарына енгізу де мүмкін болмай келеді. Сондықтан да, қазіргі таңда мектеп асханаларының 15,6 пайызын немесе 544-ін әлі тексере алмай отырмыз. Ал жоспарлы тексерулерге келсек, республика мектептерінің 20 пайызында асхана талапқа сай жұмыс жасамайды. Соған қатысты 1710 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұзушылықты жоюға қатысты 1187 ұсыным жазылып, сотқа 30 іс жолданды. 247 адам жұмыстан шеттетілді», - дейді вице-министр.