Оқушылардың жаппай улануы: асхана ыдыс жуушысы дизентерия тасымалдаушы болып шықты
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында оқушылардың тамақтан улану дерегі бойынша зертханалық зерттеу қорытындысы шықты.
Еске салайық, 07-13 қыркүйек аралығында Мұнайлы ауданы Бесшоқы тұрғын массивінде орналасқан №8 жалпы білім беру мектебінде оқушылардың жаппай астан улану дерегі тіркелді.
Осы оқиғаға орай, Маңғыстау облысы Ұлттық сараптау орталығының зертхана мамандары эпидемиологиялық жоспардан тыс тексеру жүргізіп, дайын тамақ өнімдері, су және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алған болатын.
Қорытындыға сәйкес, мектеп асханасын санитариялық – эпидемиологиялық тексеру барысында өрескел санитарлық бұзылушылықтар анықталған. Піскен тамақ өнімдері картоп езбесінен, құс етінен әзірленген котлеттен, соустан және компоттан патогенді бактериялар зертханалық түрде дәлелденген. Сондай-ақ ыдыстардан ішек бактериялары табылды.
– Мектеп асханасында жұмыс істейтін 10 қызметкерден, 1 медициналық қызметкерден және 1 жеке кәсіпкерден алынған бактериологиялық тексерудің нәтижесінде 6 адамнан стафилакок таяқшалары анықталды. Ал, ыдыс жуушының дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені зертханалық түрде дәлелденді. Ол сонымен қатар балаларға ас таратушы да болып жұмыс істеп, тамақты ластаған, - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров.
Асхана жұмысшыларының жеке медициналық кітапшаларын тексеру барысында 4 адамның жалған медициналық тексерістен өткені анықталған. Бұл жөнінде облыстық прокуратураға және облыстық ішкі істер департаментіне хат жолданған. Қазіргі таңда осы жағдай бойынша Мұнайлы аудандық Полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 1 бөлімі, 304 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.