Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы бірнеше мектептің асханасын аралап, жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз

Бүгінде облыс бойынша жалпы білім беретін 180 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған. Олардың 168-і - асхана, 12-сі - буфеттік қызмет көрсетеді. Барлығы 61 388 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Мектеп асханаларын жалға алып отырған кәсіпкерлермен кездескен комиссия мүшелері енді асханалар бірыңғай стандарт бойынша арнайы қондырғылармен жабдықталатынын, ас мәзірі мемлекеттік стандарт негізінде дайындалатынын түсіндірді.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Жасқыран Жалмұханов Елбасының партия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша қолға алынған партиялық жобалардың кәсіпкерлікті дамытуға, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті кеңейтуге зор мүмкіндік беріп отырғанын, «Мектеп асханаларын жаңғырту» партиялық жобасының маңызын айтты.

«Балалардың дұрыс тамақтанып, дені сау болуы - ең маңызды мәселе. Дегенмен, кейбір мектеп асханаларының жұмысында ас мәзірінен бастап, оның құрамы, қызмет сапасында олқылықтар бар екені анық. Осы кемшіліктерді түзетіп, барлық мектептерге ортақ бірыңғай стандарт дайындап, асхана жұмысын сол талаптарға сай жүргізу қажет», -  деді Жасқыран Жалмұханов.

Сондай-ақ партиялық бақылау инспекторы мектеп асханаларының дұрыс жұмыс істеуіне оларды жалға алу мерзімінің де әсер ететінін жеткізді.

Қазір мектеп асханасын жалға алып отырған кәсіпкердің келесі жылы да сол жерде жұмыс істейтініне ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан, олар жаңа қондырғылар алып, қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз болып отыр. Егер ұзақмерзімді келісіммен жұмыс жасайтын болса, жағдай оң бағытта өзгерері анық.