Мектеп ауласында токқа түскен ақтөбелік баланың отбасына үй беріледі

Ақтөбеде мектеп оқушысы трансформатордың ішіне кіріп, екі қолынан айырылған болатын. Оқиғадан кейін баланың анасы арнайы есепшот ашып, протез жасату үшін халықтан көмек сұрады. Шалқар аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету» бабы бойынша айып тағылған мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Айсәуле Шоханова, электрик Асқар Исатаев кінәсіз деп танылды. Жергілікті әкімдік балаға және оның отбасына көмек көрсетуге уәде етіп отыр.
«Шалқар аудандық әкімдігі екі қолынан айырылған баланың отбасына қолдау көрсету мақсатында ауданда бірқатар қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 550 мың теңге жинады. Қаржы Фактулиндер отбасына тапсырылды. Сондай-ақ, мұғалімдер мен «Қамқор» локомотив жөндеу депосының қызметкерлері Дамирдің бауырын Шымкент қаласындағы лагерьге 20 күнге жіберді. Фактулиндер отбасы мүгедектік және өзге де әлеуметтік төлемдер бойынша ай сайын135 мың теңге алады. Шалқар аудандық әкімдігі биыл Дамирдің отбасына үй алып беруді жоспарлап отыр», - деп хабарлады Өңірлік коммуникация қызметінен.