Мектеп бағдарламасына ҚР Конституциясын оқыту бойынша сағаттар енгізіп, аксақалдар алқасын қайта дамыту керек - профессор С.Оспанов

АЛМАТЫ. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Ауыл тұрғындарының дауларын сотқа жеткізбей шешетін аксақалдар алқасын қайта дамыту керек, деді бүгін «Конституция - менің айбыным» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» жиыны барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы әлеуметтік және гендерлік зерттеулер Ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымының докторы Сапар Оспанов.

Мектеп бағдарламасына ҚР Конституциясын оқыту бойынша сағаттар енгізіп, аксақалдар алқасын қайта дамыту керек - профессор С.Оспанов

Профессордың айтуынша, елде жыл сайын қылмыстылық артып келеді, күн сайын азаматтар құқық бұзады, соттың істерінің саны артып келеді. «Бұл кейбір азаматтардың конституциялық нормаларды сақтамауының, Негізгі Заңды меңгермеуінің салдарынан туындайды деп есептеймін», - деді ол.

«Алғашқы мемлекеттік заң - Жеті жарғының тарихынан мысал келтірген сайын оның ескіргенін тілге тиек етеміз. Десек те өз Конституциямыздың негізі Жеті жарғыда жатыр емес пе?! Дінге де байланысты соны айтуға болады. Дін және Конституция мемлекеттік тәртіптің орнауында бірдей қызмет атқарады. Дін бізді адал ойлауға, ниетіміздің таза болуына үйретеді», - деп баса айтты ғалым.

«Мен көптеген әріптестерімнің 5-сыныптан бастап, мектеп бағдарламасына Германиядағыдай педагогикалық бағытта Конституцияны меңгеру бойынша белгілі бір сағат көлемін енгізу туралы идеяларын қолдаймын. Және өз азаматтарымызды Конституцияны құрметтеуге және сақтауға шақырамын.», - деп қорытты С.Оспанов.