Мектеп бағдарламасына «Логика» пәнін қайта енгізу қажет - Астана қаласының әкімі
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгінде мектеп бағдарламасына «Логика» пәнін қайта енгізу қажет. Астанада өтіп жатқан Қазақстан педагогтарының Тамыз кеңесінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осындай ұсыныс жасады.
Осы орайда И.Тасмағамбетов «Логика» пәнінің тарихына тоқталды. «1917 жылға дейін логика мектеп бағдарламасында болды. 1918 жылғы революциядан кейін оны алып тастады. Сосын ол пәнді тек соғыс жылдарынан кейін ғана қайта бере бастады. Ал, енді қараңызшы, ол бойынша соғысқа дейін сабақ бергенде ғой, адам шығыны аз болар еді. Себебі логиканың арқасында адам стратегияны құрастыруды үйренеді. Сөйтіп, мектеп бағдарламасына соғыстан кейін енгізілген логиканы 1953 жылы қайтадан алып тастады. Демек, XX ғасырда бұл пән тек он жылдай ғана берілді», - дейді әкім. Оның ойынша, «Логика» пәнін Қазақстандағы мектеп бағдарламасына енгізу қажет. «Себебі қазіргі заманда балалар ақпарат ағынын талдай отырып, өздерінің жеке көзқарастарын қалыптастыра білуі тиіс», - деп атап көрсетті И.Тасмағамбетов.