Мектеп формасының отандық өндірісі институтын құру мәселесін қарастыру керек - Ә.Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп формасының отандық өндірісі институтын құру мәселесін қарастыру қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Мектеп формасының отандық өндірісі институтын құру мәселесін қарастыру керек - Ә.Исекешев

«Мектеп формасымен қамтамасыз ету сапасы ерекше алаңдаушылық туындатып отыр. Отандық өндірушілер барлық оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз етуге және жергілікті бюджетке салық түсімдерін арттыруға қауқарлы болғанымен тендерді ұтып алушылар негізінен тапсырысты Қытайға немесе Түркияға береді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, елімізде біржылдық мектеп формасы нарығының көлемі 30,0 млрд. теңгеден асып жығылады екен. Ал мектеп формасын дайындау үшін тендерді ұтып алушылар тапсырысты шетелге беретіндіктен жыл сайын Қазақстан қазынасына қосылған құн салығы түріндегі 4 млрд. теңгеден астам сома түспей қалып отыр.

«Осы себепті мектеп формасының отандық өндірісі институтын құру мәселесін қарастыру қажет», - деді Ә.Исекешев.