Мектеп кезінде Оралхан Бөкейді жазушы болады деп еш ойламап едік – Әлібек Қаңтарбай

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Алтайдың кербұғысы» атанған жазушының 80 жылдығына орай республикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аясындағы республикалық конференцияға жазушылар, Абай, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының кітапхана мамандары қатысып жатыр.

Ең әуелі сөз алған белгілі жазушы Әлібек Асқар Оралхан Бөкей жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның мол мұрасының маңыздылығы жайлы ой қозғады.

«Қазіргі уақытта елімізде ең көп оқылатын жазушы – Оралхан. Ол журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер. Әуелі бұған кейбіреулер қарсы да болды. Бірақ өзіңіз зер салсаңыз, әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдың қай шығармасын алсаңыз да ішінде журналистиканың ізі байқалады. Оралхан жазуды бастағанда бәрі Оралханша жазғысы келді. Бірақ оған еліктеу, соған ұқсау мүмкін емес. Себебі Оралханның стилі тым ерек», - дейді ол.

Оралхан Бөкейдің жерлесі, Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбайдың айтуынша, мектеп кезінде оны жазушы болады деп еш ойламаған.

«Оралхан жазушылыққа жарқ етіп келді. Жарқ етіп келді де, жарқ етіп кетті. Осындай шаралардың мақсаты – Оралхан Бөкейдің бақилық ғұмырын мәңгіліктеу. Кезінде ол үнемі «Біз шал болмайтын шығармыз» деп отыратын. Сөйтсек, сезген екен ғой. Оралхан менен екі сынып жоғары оқыды. Ол кезде аядай ауылдан алып жазушы шығады дегенге сенбеппіз. Ұсақ-ұсақ бұлақтар құралып, асау толқынды Бұқтырма өзеніне айналады ғой. Меніңше, Орекеңнің шығармашылығы да осы Бұқтырма секілді», - дейді жазушы.


Мектеп бітірген соң Оралхан Бөкей Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға актер мамандығына оқуға түсіпті.

Бірақ анасы оның актер болуына қарсы болған. Сөйтіп, шешесінің сөзінен аса алмаған Оралхан ауылға қайтқан.

«Ауылда ол тракторшының көмекшісі секілді қара жұмыс істеді. Бірақ сонда шығармашылыққа дайындалып жүріпті. Біз оны еш сезбедік. Алтайдың басына қарап тұрып оқыс ойлар айтып қалатын. Сонысын түсінбей қалатынбыз. Жоғары сыныптың қыздарына күнде кешке хат жазып, құшақ-құшақ қылып әкеліп, бізге оқып беретін. Сөйтсек, Оралхан хатты ғашық болғаннан емес, асып-төгіліп жатқан шабытын, шығармашылығын сыртқа шығару, қағазға түсіру үшін жазады екен», - дейді Әлібек Қаңтарбай.


Соңғы жаңалықтар