Мектеп оқулықтарында олқылық көп

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп оқулықтарының мазмұны сын көтермейді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова осындай пікір білдірді.

Мектеп оқулықтарында олқылық көп

«Оқулықтардың білім мазмұны берекесіз, бір-бірімен ешқандай байланыс, сабақтастық жоқ. Артық дүние өте көп. Жылдан-жылға сағат саны азайып, мазмұны көбейіп келеді. Мен өзім математика пәнінің мұғалімімін. 10-11 сыныптарда туынды, интеграл, ықтималдық теориясы оқытылады. Ал ол бірінші курсқа барғанда жоғары оқу орындарында қайталанады. Мұндай жайт жалғыз математикаға емес, барлық пәнге тән», - деді ол.

Сондықтан да оның пайымынша, оқулықтарда оқушылардың өміріне қажетті, ең керекті материалдарды ғана қалдырып, мазмұнын ықшамдау қажеттігі туындап отыр.

«11-сыныпты бітірген балалар ҰБТ-да қазақ тілінен емтихан тапсырады. Ал қазақ тілі дегеніміз - лексика, грамматика, фонетика. Ал бізде 10-11 сыныпта қазақ тілі деп жазылады да сөз өнері, сөз мәдениеті , шешендік сөз сынды тақырып бойынша оқытылады. Шын мәнінде шешендік сөз де, тіл өнері де бастауыш сыныптан бастап, сабақтастық түрде өзінен-өзі беріліп отырады», - деген ол 10-11 сыныпта оқушылардың ҰБТ-ға дайындығын күшейту үшін лексика, грамматика, фонетиканы оқыту қажеттігін баса айтты.