14:08, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Мектеп оқушылары арасында патриоттық-құқықтық бәйге өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматы қаласының Әуезов ауданында мектеп оқушылары арасында «Әділет бәйгесі» атты патриоттық-құқықтық марафон өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған сайыс аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған. Марафонды ұйымдастырудағы басты мақсат мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің құқықтық білімін тереңдетіп, оларға патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, мектеп инспекторлары мен тәрбие ісі жөніндегі қызметкерлердің кәсіби біліктілігінің деңгейлерін көтеру көзделіп отыр.
«Мектеп инспекторларының, тәрбие ісі жөніндегі мамандардың және учаскелік полицейлердің еңбектерінің арқасында ауданымыздағы жасөспірімдер арасында болатын әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттерінің деңгейі 18 пайызға азайды. Бұл сіз бен біздің қоғамға қосқан зор үлесіміз», дейді шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Әділ Несіпбаев.Бүгінгі сайысқа Әуезов ауданына қарасты 5 мектептің жас инспекторларынан құралған командалар бақ таластырды. Олар бұған дейін осы марафонның мектепішілік сайыстарында жеңімпаз атанған болатын. Марафондық бәйге мектеп инспекторларының тікелей кеңесімен өткізіліп отыр.
Айта кетелік, Алматы қаласы әкімінің 2007 жылдың 25 қаңтарындағы № 1/124 қаулысына орай мектеп инспекторы лауазымы бекітілген болатын. Сол уақыттан бері білім ордаларында қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жұмыс істеп келеді.