Мектеп оқушылары біреудің жалғыз баласын ұрып өлтірді ? Астана қалалық ІІД

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада спиртті ішімдікке сылқия тойған мектеп оқушылары біреудің жалғыз баласын ұрып өлтірді.

Мектеп оқушылары біреудің жалғыз баласын ұрып өлтірді ? Астана қалалық ІІД
Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, мамырдың 5-і күні Жеңіс даңғылының бойындағы үйлердің бірінің гаражынан 1993 жылы туылған Н. есімді азаматтың мүрдесі табылған. Сот-медициналық сараптау жұмыстарының қорытындысы бойынша, азамат бас сүйегінен алған жарақаттың салдарынан көз жұмған. Тексеру жұмыстарының барысында оның Атбасар қаласында туғандығы, жалғызбасты анасының қолында тәрбиеленіп келгендігі анықталды. Өткен жылдан бері елордадағы арнаулы орта білім беру орындарының бірінде білім алып келген. «Аталған қылмыс қоғамды дүрліктірді. Осыған орай ол елорда әкімдігі мен Ішкі істер министрлігінің жеке бақылауына алынды. Астаналық тәртіп сақшылары қылмыстық істің мән-жайын анықтау мақсатында оқиға болған аймақта бір апта бойы арнайы шаралар жүргізді. Осы жұмыстардың нәтижесінде қылмыстық әрекеттің куәгерлері табылып, олардың мәліметтері негізінде күдікті азаматтардың суреттері жасалды. Ал одан әрі жүргізілген кешенді іздестіру шараларының барысында аса ауыр қылмысты жасаған 1992 жылы туылған Е., 1991 жылы туылған К. және Е. есімді азаматтар ұсталды», - деді департамент бастығының орынбасары.Оның мәліметтеріне қарағанда, ұсталғандардың екеуі Астанадағы №1 лицей мен №8 мектептің 10-шы және 11-ші сынып оқушылары болып шықты. Ал үшінші азамат елордадағы арнаулы орта білім беретін оқу орындарының бірінен оқудан шығып қалған. «Тексеру жұмыстарының барысында мәлім болғанындай, оқиға болған күні үш жасөспірімнің бірінің туған күні болып, спиртті ішімдікке қызып алған үшеу адам тонау мақсатында қолдарына таяқ алып, көшеге шығады. Олар Н. есімді азаматты кезіктіріп, оның ұялы телефонын тартып алмақ болады. Ал жәбірленуші оларға қатты қарсылық көрсетеді. Әлгілер баланы ұрып өлтіріп, оның ұялы телефонын алып, оқиға орнынан қашып кетеді. Қазіргі таңда қылмысқа қатысты үш жеткіншек те қамауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді Ж.Битенов.