Мектеп оқушыларын тамақтандыруға қатысты байқау комиссияларының 43 мүшесі жазаға тартылды - Алматы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Түркісіб аудандық білім бөлімі мектеп оқушыларын тамақтандыруға қатысты сатып алу шараларын жүргізетін байқау комиссияларының 43 мүшесін тәртіптік жауапкершілікке тартты.
Бұл туралы бүгін Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұл шешім Түркісіб аудандық прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде жасалды.
Үстіміздегі жылы наурыз айында тиісті заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мектеп оқушыларын тамақтандыруға қатысты қызметтерді сатып алу шарасы мемлекеттік сатып алу саласынан шығарылып, мектептердің өздеріне жүктелген болатын.
Осыған байланысты Алматы қаласының Түркісіб аудандық прокуратурасы тиісті тексеру жүргізген еді. Белгілі болғанындай, аудандағы барлық орта білім беретін мектептердің сатып алу комиссияларының құрамына санитарлық-эпидемиялогиялық қызметтердің өкілдері ендірілмеген.
Ол аздай, сатып алуды ұйымдастырушылар ас мәзірінің тізімін әзірлемеген және ол туралы санитарлық-эпиемиялогиялық қызметтің келісімін де алмаған. Бұл міндетті олар қызмет көрсетушілердің өздеріне жүктей салған.
Өкілетті мемлекеттік органның сатып алу шараларына қатысудан және ас мәзірін мақұлдаудан шеттетілуі заңға қайшы. Бұл осы ауданда білім алып жатқан 10 278 мектеп оқушысының денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осылайша, прокурорлық қадағалау актісінің негізінде аудандық білім бөлімінің шешімімен байқау комиссияларының 43 мүшесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.