Мектеп оқушыларына арналған тарих пәнінің жаңа оқулығы жарыққа шықты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Тарих институтының мәліметінше, 400 беттен тұратын оқулық қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Жаңа оқулықта Қазақстан Республикасының дыбыс жазу және орталық мемлекеттік мұрағатының кинофотоқұжаттары ұсынған бұрын жарияланбаған фотоқұжаттар пайдаланылды. Оқулық 1914 жылдан 2009 жылға дейінгі тарихи кезеңді қамтиды. Онда Қазақстанның қиын-қыстау жылдардағы қалыптасу жолы, 1917 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі уақыт аралығы, оның ішінде Тәуелсіз Қазақстанның жасампаз тарихы жайлы мол тарихи мағлұматтар бар.
«Авторлар оқулықты жазу барысында өткенді оқып үйренудегі таптаурын болған қағидалардан бас тартуға талпынды. Қазақстан тарихының деректерін дәстүрлі догмалар, аңыздар мен бұрмалаушылықтардан арылтып қарастыруға тырысты. Ол үшін көптеген құжаттар, монографиялар, естелік әдебиеттер мен мұрағаттық материалдар зерттелді. Оқулықта өзіндік тапсырмаларды орындау үшін қарапайымнан күрделілігіне қарай әртүрлі деңгейдегі шығармашылық тапсырмалар берілген», делінген Тарих институтының хабарламасында.