Мектеп оқушыларының 80 пайызының спортпен жүйелі айналысуларына мүмкіншіліктері жоқ - Г. Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп оқушыларының 80 пайызының спортпен жүйелі айналысуларына мүмкіншіліктері жоқ.
Бүгін ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің алқа мәжілісінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова осылай деді.
«Балалар мен жасөспірімдердің 80 пайыздан астамы дене тәрбиесі мен спортпен жүйелі түрде айналыспайды. Студенттердің тек 45 пайызы ғана тұрақты спортпен айналыса алады», - деді ол.
Вице-премьердің пайымынша, олардың дене тәрбиесімен қамтылу деңгейінің төмендігі спорттық инфрақұрылымдардың жетіспеушілігінен орын алуда. Сонымен бірге бұл мәселеге облыстық спорт, білім, денсаулық сақтау, жастар және ішкі саясат басқармалары жете назар аудармай отыр.
«Яғни, барлық жергілікті органдардың жинақты, өзара байланысты жұмыстары болуы тиіс. Бұл құрылымдардың барлығы күш-жігерлерін, қолда бар ресурстарын біріктіріп, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру әрі насихаттау жұмыстарын жүргізуі қажет».
Сондай-ақ ол елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін барлық жағдай жасау қажеттігін баса айтты.