Мектеп оқушыларының «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы шығармалар байқауы өз мәресіне жетті

АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда Жеңістің 65 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы мектеп оқушылары арасында өткен шығармалар байқауының қортындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды,

Мектеп оқушыларының «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы шығармалар байқауы өз мәресіне жетті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш байқау мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Ұлан» балалар газетінің ұйымдастыруымен және «Beeline» сауда маркалы «Картел» ЖШС-нің демеушілігімен өтіп отыр.

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев балалар - ана тіліміздің болашағы дегенді айта келе, «Еліміздің жас жеткіншектері қазақтың тілін, мәдениетін, әдебиетін сүйіп, өзіміздің төл тарихымызды біліп өсуіне тәрбиелеу біздің Қордың басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда біз ақпан айында «Ұлан» газетімен бірлесіп, еліміздегі қазақ мектептерінің 5-9-шы сынып оқушылары арасында осы тақырып бойынша прозалық және поэзиялық жанырда байқау жариялаған едік», дейді А.Шәуеев.

Сондай-ақ ол байқауға еліміздің түкпір-түпірінен өлең және қарасөзбен жазылған 200-ден астам шығарма келіп түскенін және олардың үздік дегендері «Ұлан» газетінің әр санында жарияланып келгенін жеткізді.

Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Павлодар қаласының Абай атындағы мектебінің 9 сынып оқушысы Айданақ Амантайқызы иеленсе, екінші орынды Қызылорда облысы Қазалы ауданының №216 мектебінің 9 сынып оқушысы Алтынгүл Сансызбай мен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қ.Ақынов атындағы мектебінен Серік Қантаев өзара бөлісті. Ал, үшінші орынға Ақтөбе қаласының №132 мектебінің оқушысы Ақмарал Ертазиева мен Оралдық Гүлжамал Ерғалиева және Алматы қаласының №43 мектеп оқушысы Дастан Мәдиев лайық деп танылды.

Жеңімпаздар арнайы мақтау қағаздарымен марапатталып, «Beeline» сауда маркалы «Картел» ЖШС-і тарапынан ұялы телефондарға ие болды.