Мектеп оқушысы киім үлгісінің құны орташа есеппен ұлдар үшін 4800-7500, ал қыздар үшін 4900-8000 теңгені құрайды

АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Тамыз айының 1-інен бастап елімізде жаңа оқу жылында аз қамтылған оқушыларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» атты республикалық шара басталды,

Мектеп оқушысы киім үлгісінің құны орташа есеппен ұлдар үшін  4800-7500, ал қыздар үшін 4900-8000 теңгені құрайды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шара шеңберінде республика аймақтарында облыстық әкімдіктердің қолдауымен жеңілдетілген бағамен мектеп формалары, аяқ киімдер, мектеп құрал-жабдықтары және оқулықтар сату мақсатында «Мектеп жәрмеңкесі» өткізілуде. Қазірге таңда осындай 595 жәрмеңке ұйымдастырылса, осы айдың аяғына дейін олардың саны одан да арта түспек. Сатылымға түскен мектеп оқушысына қажетті заттар әр облыстың сұранысына, нарықтық жағдайына орай әртүрлі болып отыр. Республика бойынша мектеп оқушысы киім үлгісінің бағасы ер балалар үшін 4800-7500 теңгені, ал қыз балалар үшін 4900-8000 теңгені құрайды. Жалпы өңірлік ерекшелікке сәйкес бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін 14000-24000  теңгеге дейін көлемде қаржы қажет.

Орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабековтің айтуына қарағанда, министрлік алдағы 1-2 аптаның ішінде мектеп киімдерін тігетін фабрикалардың өкілдерімен кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Кеңес барысында мектеп киім үлгілерінің арнайы көрмесі өткізілуі мүмкін.