Мектеп пен аурухана салынбаған аудандарда көпқабатты үйлер салуға тыйым салынады

баспана
Фото: Kazinform

30 жылдан көп пайдаланылып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттары әр 5 жыл сайын апаттылық қаупіне тексеріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Балалардың қауіпсіздігіне және құқықтарын қорғауға қатысты тиісті нормалар енгізілді. Кейінгі кезде мектеп ғимараттарының төбелерінің құлауы сияқты фактілер жиілеп кетті. Сондықтан, осындай біраз жылдар бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қаупіне тексеру туралы норма ұсынылды», – деді А. Аймағамбетов.

Айтуынша, тағы бір проблема кішкентай балалардың терезелерден құлауына қатысты.

Өкінішке қарай кейінгі екі жылда жүздеген бала терезеден құлап кеткен. Осыған орай заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптармен қамтамасыз ету міндеттеледі. Сондай-ақ депутат мектеп құрылысы мәселесін көтерді.

«Бізде әлеуметтік нысандармен, мектеп және балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе, үлкен мегаполистерде бұл проблема үшығып тұр. Осының кесірінен жүмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді, ал енді мектеп салайын десе жақын жерде бос жер де қалмайды. Осыған орай заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай тұрып, осындай көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызуға тыйым салынады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар