Мектеп пен жол бар, бірақ халық азайып жатыр: шекарадағы ауылдардың мәселесі неде
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ғасыр бұрын бірнеше отбасы іргесін қалаған Афонькино елді мекені бүгінде Ресеймен шекаралас аймақтағы шағын ауылдардың біріне айналды. Бір кездері мұнда 400-ден астам бала білім алса, қазір мектепте 73 оқушы бар. Дегенмен ауылда мектептің есігі ашық, медициналық пункт жұмыс істейді, жолы жақсарған. Бірақ бұл жеткілікті ме?
Адам саны азайып жатқан шекаралық ауылдарды сақтап қалу үшін инфрақұрылымның болуы жеткілікті ме, әлде тұрғындарға ауылда қалуға себеп болатын жаңа мүмкіндіктер қажет пе? Kazinform тілшісі ғасырлық тарихы бар Афонькиноның бүгінгі тынысын бағамдап, шекара маңындағы ауылдардың ортақ мәселесін зерделеді.
Ғасырлық ауыл
Афонькино елді мекенінің тарихы 1926 жылдан басталады. Көрші Становое елді мекенінен бірнеше отбасы көшіп келіп, осы жерге қазық қағады. Құнарлы жері мен маңындағы көлдер жаңа қонысқа өте қолайлы еді. Бірер жылдан кейін мұнда колхоз құрылып, ал 1960 жылдары елді мекен совхоз орталығына айналады.
Ауыл тұрғыны, зейнет демалысындағы ұстаз Галина Миронова ауыл тарихын жақсы біледі. Оның айтуынша, кезінде Афонькинода түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүрген.
— Ауылымызда қазақ, орыс, татар және немістер тұрды. 1960 жылдардың соңына дейін шешен отбасылар да болды. Бәрі тату-тәтті тұрды. Биыл жазда ауылымыздың 100 жылдық мерейтойын атап өттік. Бұрын көшіп кеткендердің барлығы келді. Кейбірі ұлттық киімдерін киіп келді. Өте керемет, есте қаларлық той болды, — дейді Галина Миронова.
Зейнеткердің айтуынша, ауылдың кезінде өндірістік және әлеуметтік әлеуеті де жоғары болған. Мұнда облыста алғашқылардың бірі болып мәдениет үйі салынған. Кешенді трактор бригадасы жұмыс істеген.
73 оқушысы бар үш қабатты мектеп
Ауылдың бүгінгі тынысын ең алдымен мектептен аңғаруға болады. Қазір Афонькино орта мектебінде 73 оқушы білім алады. Педагог кадрлармен толық қамтылған.
— Әрине, сыныптарда бала саны аз. Бірақ мұның жақсы жағы да бар — әр бала мұғалімнің назарында. Нәтижесінде оқушыларымыз түрлі сайыстарда жүлделі орын алып жүр. ҰБТ-да да түлектеріміздің көрсеткіші аудан бойынша жоғары. Жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, оқып жатыр, — дейді мектеп директоры Жанна Бекенова.
Биыл бірінші сыныпқа 10 бала барады. 11-сыныпта төрт оқушы бар. Мектепалды даярлық тобына 13 бүлдіршін қабылданған.
Білім ордасына биыл ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жаңа оқу жылына дайындалған. Мектеп жанындағы шағын орталықта 11 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның жалпы сыйымдылығы — 25 орын.
Мектеп директоры ауылда бала туу көрсеткішінің де жаман еместігін айтып, елді мекеннің болашағына сенетінін жеткізді.
Шекараға жақын орналасқандықтан, бұрын ауыл түлектерінің бір бөлігі Ресейдегі жоғары оқу орындарына түсетін. Ал биыл мектеп бітірушілердің барлығы Қазақстандағы жоғары оқу орындарын таңдаған.
«Мектеп жоқ болса, ауыл да құрып кетеді»
Ауыл тұрғындары үшін мектеп — елді мекенді сақтап тұрған негізгі нысандардың бірі.
Ауыл тұрғыны Бақыт Дарбаевтың айтуынша, ол Афонькино мектебіне 1975 жылы жұмысқа келген кезде мұнда 400-ден астам оқушы білім алған. Мектеп жанындағы интернатта 150-200 бала тұрған.
— Отбасылар қазір бір баламен тоқтап жатыр. Баяғыда қазақтың шаңырағына барғанда 5-6 бала болатын. Қазір ондай жоқ. Мектеп жоқ болса, ауыл да құрып кетеді. Бізде Новоукраинка деген бөлімше болды. Онда 120 адам, 90-ға жуық үй бар еді. Қазір бес үй, жеті адам қалды. Мектепті жапты, халықтың бәрі кетті. Яғни ауыл мен мектеп тығыз байланысты, — дейді Бақыт Дарбаев.
Шекарадағы ауылдың күнделікті өмірі
Афонькиноның шекараға жақын орналасқанын жол бойындағы арнайы белгі ғана айшықтап тұрғандай.
Тамара Иванова бұл жерге 2013 жылы көрші Пробуждение ауылынан көшіп келген. Ол елді мекен босап қалғаннан кейін көшуге мәжбүр болған. Қазір Афонькинода Тамара өзінің шағын бақшасында гүл өсіреді, жеміс ағаштарын күтіп баптайды. Жазда орманнан жидек пен саңырауқұлақ жинайды.
— Басында үйіміз салқын болды, бірақ дұрыстап жөндеп алдық. Қазір мұнда бәрі ұнайды, адамдары да жақсы, тұруға да жағдай жасалған. Жолымыз бар, Мәдениет үйі, екі дүкен, кітапхана жұмыс істейді. Суымыз үйге кіргізілген, — дейді ол.
Демек, мәселені тек инфрақұрылымның жоқтығымен байланыстыру жеткіліксіз.
Шекаралық ауылға қойылатын талап та жоғары
Становое ауылдық округінің әкімі Талғат Ілиясовтің пікірінше, шекараға жақын елді мекендердің инфрақұрылымы өзгелерге қарағанда мықты болуы қажет.
— Шекара маңындағы елді мекендердің мәртебесін көтеру мәселесі де қарастырылып жатыр. Алайда арнайы мәртебе берудің нақты критерийлері әзірге белгісіз, — дейді ауыл әкімі.
Айтуынша, шекара маңында тұратын ауыл тұрғындарына қойылатын белгілі бір талаптар бар.
— Біздің ауылдың тұрғындары өздерімен бірге үнемі жеке құжатын алып жүруі тиіс. Орманға барып, жидек теріп жүріп адасып, шекарадан шығып кетуі мүмкін. Мәселе туындамас үшін қайда барса да — көлге, жақын орманға, шөп шабуға — қалтасында куәлігі болуы керек. Сондай-ақ елді мекенге бөгде адамдар келсе бірден хабарлауға міндетті. Мал жаюға, егін егуге де қатысты талаптар бар, — дейді Талғат Ілиясов.
Медициналық пункт бар, фельдшер жоқ
Ауылдағы медициналық пункт 2020 жылы жергілікті кәсіпкердің көмегімен күрделі жөндеуден өткен. Мұнда акушерлік, процедуралық және санитарлық кабинеттер бөлек орналасқан. Биыл қосымша фильтр де ашылған.
— Медпунктіміз жылы, кең, жарық. Су, жарық, интернет бар. Бірақ бір ғана проблемамыз бар — тұрақты істейтін фельдшер жоқ. Бір жарым жыл болды, — дейді ауылдық округ әкімі.
Жергілікті кәсіпкер жаңа маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге дайын. Қазір ауылда қонақүй салынып жатыр. Сол жерден медицина қызметкеріне екі бөлмелі пәтер беру жоспарланған.
СҚО-да 129 шекаралық ауыл бар
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 590 ауылдық елді мекен бар. Оның 129-ы — шекара маңындағы ауыл.
Олардың ішінде халық саны 100 адамнан аз 20 ауыл, 50 адамнан аз 12 ауыл және 20 адамнан төмен 10 елді мекен бар. 2021-2025 жылдары облыста халқы 50 адамнан аз 45 елді мекен таратылып, жақын орналасқан ауылдардың құрамына енгізілген.
Министрлік мұндай елді мекендердің таратылуына халық табысының төмендігі, тұрмыс сапасының қанағаттанарлықсыз деңгейі, көлік қатынасының нашарлығы және әлеуметтік, инженерлік-жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі әсер ететінін атап өтті.
Демографиялық ахуал да күрделі. Ведомствоның мәліметінше, 2021-2025 жылдары СҚО халқы табиғи кему және көші-қон салдарынан 20 917 адамға азайған.
Жалпы, соңғы үш жылда Қазақстанның шекара маңындағы аудандарының басым бөлігінде халық саны азайған. 2023-2025 жылдары 67 шекаралық ауданның 52-сінде, яғни 77,6% тұрғындар саны кеміген. Шығыс өңірдегі шекара маңындағы аудандарда да халық саны азайып, соңғы үш жылда 25,8 мың адамға кеміген. Бұл жерде негізгі фактор — тұрғындардың басқа қалалар мен аудандарға ішкі көші-қоны.
Шекарадағы ауылдарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
Ұлттық экономика министрлігі шекара маңындағы аумақтарды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін хабарлады.
— Қазір бұл елді мекендерге арналған жеке бір ғана бағдарлама емес, бірнеше мемлекеттік құжат пен жоба аясында кешенді қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ауыл аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы және өңірлік дамудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында шекара маңындағы ауылдардың экономикасы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы, жолдары, интернеті, байланысы, туризмі мен кәсіпкерлігіне қатысты шаралар қарастырылған. Жалпы адами капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған. Оған қоса «Ауыл — Ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға», «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламалары іске асырылып жатыр, — дейді вице-министр Бауыржан Омарбеков.
Мысалы, 2019-2025 жылдары «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша СҚО-дағы 36 шекара маңындағы ауылда 21 млрд теңгеге 94 жоба жүзеге асырылған. Бұл қаражат денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, электр, жылу, газ, сумен жабдықтау және жол нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға және жөндеуге бағытталған.
Ал биыл шекара маңындағы төрт елді мекенде бес жобаны іске асыруға 377 млн теңге бөлінген.
Бұдан бөлек «Ауыл аманаты» жобасы арқылы СҚО-ның шекара маңындағы 23 елді мекені қамтылып, оған 316,5 млн теңге бағытталған. Сондай-ақ, өңірдің бизнес субъектілері шекара маңындағы ауылдардың инфрақұрылымына инвестиция салып келеді. СҚО-ның шекара маңындағы алты ауылында 344,9 млн теңгеге 26 жоба бойынша меморандум жасалып, оның 24-і аяқталған.
Ауылдың болашағын кім жасайды?
Мемлекет шекаралық ауылдарға қолдау көрсетудің жаңа тетіктерін де қарастырып жатыр.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шекара маңындағы аумақтардан халықтың кетуін азайтуға бағытталған 2026-2028 жылдарға арналған ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары — жол картасы бекітілген. Оның ішінде экономиканы, инфрақұрылымды, туризмді және шекара маңындағы сауданы дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру шаралары қарастырылған.
Сонымен бірге шекара маңындағы ауылдарда тұрғын үй салу, шағын несие беру, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар да жалғасады.
Яғни мемлекет үшін келесі міндет — инфрақұрылымды ғана ұстап тұру емес, ауыл экономикасын күшейтіп, тұрғындарға тұрақты табыс пен өмір сүруге қолайлы жағдай жасау.
Шекара маңындағы Афонькино елді мекені — ауылды сақтап қалу үшін мектеп, жол немесе медициналық пункттің болуы маңызды, бірақ олардың өзі жеткіліксіз екенін көрсетеді. Әлеуметтік нысан болғанымен, оның ішінде мұғалім, дәрігер, оқушы болмаса, елді мекеннің болашағы бұлыңғыр.