Мектеп түлектері ҰБТ-ны тапсыру кезінде ұялы телефонды пайдалана алмайды
АНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) барысында ұялы телефон байланыстарына кедергі келтіретін құрылғылар пайдаланылатын болды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев айтты.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде бірнеше жылдан бері тест жауаптары жөніндегі мәліметтердің таратылуы жөніндегі әңгіме тыйылды. Өйткені ҰБТ жүйесінің мазмұны мен дұрыс жауаптардың кодтары мемлекеттік құпиялардың қатарына жатқызылды. «Соған қармастан біз қазір ҰБТ-ны жүзе асыру барысында айтарлықтай кедергілерге тап болып отырмыз. Ол, әсіресе ауылдық аймақтарда үлкен проблема тудыруда. Жалпы ҰБТ шарасы барысында кездескен проблемаларды 4 түрге бөліп қарастыруға болады. Олардың біріншісі - тестілеу кезінде ұялы телефондарды жаппай қолдану әрекеттері. Қазір техниканың өте мықты дамыған заманы. Ұялы телефондарда неше түрлі қызмет түрлері бар. Біздің түлектеріміз техниканың осы мүмкіндіктерін тестілеу шарасы барысында барынша пайдаланып қалуға тырысуда»,-дейді вице-министр.
Оның айтуынша, емтиханға кірер кезде ҰБТ тапсырушылар арнайы теміріздегіш құрал арқылы тексеруден өтеді. Соған қармастан кейбір жастар емтиханға ұялы телефонын алып өтудің көзін тауып жүр. Ал ұялы телефон арқылы емтихан тапсырудың неше түрлі қитұрқы әрекеттерін жүзеге асыруға болады. Мысалы емтихан тапсырушы түлектер телефонды пайдаланып, өздеріне берілген тапсырманы суретке түсіріп алып, смс хабар арқылы сырттағы «қамқоршысына» береді. Ал ол тесттің жауабын жазып, смс арқылы қайта жібереді.
«Өткен жылы мыңдаған ұялы телефон емтиханға кірер жерден және емтиханды тапсыру барысында алынды. Тестілеу кезінде емтиханды жақсы тапсырады деген бір топ азаматтарды ұйымдастырып, оларды емтихан өтетін залдың жанындағы бөлмеге жасырып қою әрекеттері де орын алды. Осы тектес азаматтарды Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен қаржы полициясының өкілдері жыл сайын ұстайды»,-деді С.Ырсалиев.
Сондай-ақ ол сөзінде тестілеу шарасының барысында емтихан тапсыратын түлектің құжатымен оған ұқсайтын өзге азаматты кіргізіп жіберу жағдайы да орын алып отырғандығын жеткізді. «Жергілікті жерлерде ҰБТ-ға қатысатын дәліздегі кезекші немесе құжаттарды тексеруші сияқты қызметкерлердің өздерінің туыстарына немесе алдын ала келісілген адамдарына заңсыз көмек көрсетуге тырысу әрекеттері де орын алып отыр. Сондықтан биылғы жылы емтихан тапсыратын түлектерге жүктелетін жауапкершілік қатайтылды. Атап айтқанда, бұрын емтихан тапсырушының емтиханнан шығарып жіберу ісін жерілікті комиссия шешетін болса, енді бұл қызметті Білім және ғылым министрлігінің өкілдері шешеді. Егер емтихан тапсырып жатқан баладан ұялы телефон немесе өзге де заңға қайшы заттар табылса, ол бала емтиханнан шығарылады. Біз сонымен қатар білім беру ұйымдары басшыларының да жауапкершілігін арттырамыз»,-деді С.Ырсалиев.