Мектеп түлектерінің «Жас толқын - 2009» шарасы барысында қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғалары тіркелген жоқ - ҚР ІІМ
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Өткен демалыс күндері республика бойынша өткен мектеп түлектерінің «Жас толқын - 2009» салтанатты іс-шарасы барысында қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғалары тіркелген жоқ. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, республика бойынша өткен «Жас толқын - 2009» іс-шарасына барлығы 130 мың түлек қатысты. Оның барысында қоғамдық, өрт және жол қауіпсіздігін сақтауға 11 мың полиция қызметкері тартылды. «Аталмыш іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу және басқа да төтенше жағдайлар тіркелген жоқ», деді Қ. Жұманов.
Айта кетейік, Ақтау қаласында «Жас толқын - 2009» шарасы маусымның 24-25інде өтпек.