Мектеп ұстазы Г.Әбдіқалықоваға қазақ тілін жеделдетіп оқыту әдістемесін таныстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада СҚО Айыртау аудандық Имантау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Досжан Нұрсейітов ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға қазақ тілін жеделдетіп оқыту әдістемесін таныстырды.
«Мен бүгін өз жобамды таныстыруға келіп отырмын. Ол қазақ тілін жеделтетіп оқыту деп аталады. Бұл ресейлік ғалым Д.Петровтың әдістемесінің және ағылшын тілін үйрету әдістемелерінің қазақ тіліне икемделген, ықшамдалған көшірмесі. Оны қазіргі техникалық құралдардың көмегімен ғаламторға жариялау арқылы қазақ тілін үйренемін деген қазақстандықтар мен шетелдік азаматтардың назарына ұсындық. Қазіргі уақытта сұранысы жоғары болып тұр», - деді ол кездесу алдында БАҚ өкілдеріне.
Айта кетейік, Г.Әбдіқалықова еліміздің білім беру жүйесінің қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу барысында Мемлекет басшысы ұсынған 5 институттық реформа аясындағы, сонымен бірге педагогтардың мәртебесін көтеру, ауыл мектептерінің, техникалық білім беру мекемелерінің, ғылыми және педагогикалық ұйымдардың жұмыстарына байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекеттік хатшы құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.