Мектеп жасындағы дислексия мен дисграфияны қалай анықтауға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Бала әріптерді шатастырып, сөздерді буындап оқи ма? Мәтінді оқығанымен, оның мағынасын түсіну қиын ба? Мұндай ерекшеліктерді бірден баланың зейінсіздігіне немесе оқуға құлықсыздығына балауға болмайды. Оның себебі дислексия немесе дисграфия болуы мүмкін. 

Мектеп жасындағы дислексия мен дисграфияны қалай анықтауға болады
Фото: Kazinform/ЖИ

Мамандардың айтуынша, бұл баланың ақыл-ой қабілетінің төмендігін білдірмейді. Керісінше, ақпаратты қабылдау мен өңдеудің өзіндік ерекшелігіне байланысты. Дислексияны қалай анықтауға болады және мұндай жағдайда балаға қандай көмек қажет? Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында бағдарламасында Дефектологтар және логопедтер қауымдастығының жетекшісі Шолпан Нұрахметова айтып берді.

Дислексия мен дисграфияның айырмашылығы қандай?

Дислексия — баланың оқу дағдысын меңгеруіне әсер ететін нейродаму ерекшелігі. Мұндай балалар әріптерді тануы мүмкін, алайда оларды бір-бірімен байланыстырып, тұтас сөз немесе сөйлем ретінде қабылдауда қиналады. Кейде оқыған мәтінінің мазмұнын түсіну де қиынға соғады.

Маманның түсіндіруінше, дислексияны ауру ретінде қабылдау дұрыс емес. Бұл баланың интеллект деңгейіне немесе ақыл-ой кемістігіне қатысы жоқ. Тек ақпаратты қабылдау тәсілі өзгеше болғандықтан, оған оқу дағдысын қалыптастыру үшін қосымша қолдау қажет.

— Дисграфия жазу дағдысындағы қиындықтармен байланысты. Мәселен бала айтылуы немесе жазылуы ұқсас дыбыстарды шатастырып, бір әріптің орнына екіншісін жазуы мүмкін. Маман мұны Б мен П, Д мен Т дыбыстарын ажырата алмау арқылы түсіндірді. Мысалы «доп» сөзін «доб» деп жазу — осындай қиындықтардың бірі, — дейді ол.

Дислексия кезінде бала осыған ұқсас дыбыстар мен әріптерді оқу барысында шатастырады. Кей жағдайда мәтіндегі әріптер бірінің үстіне бірі шығып, қозғалып немесе бұлдырап тұрғандай көрінуі мүмкін. Соның салдарынан бала жолдағы сөздерді тұтас қабылдай алмайды.

Мұндай қиындықтар баланың күнделікті оқуына ғана емес, психологиялық жағдайына да әсер етеді. Сыныптастарының кемсітуі, мұғалімнің түсінбеуі немесе ата-ананың шамадан тыс талап қоюы баланың өзіне деген сенімін төмендетуі мүмкін.

Сондықтан дефектолог ең алдымен баланың ерекшелігін дұрыс түсініп, оны өзгелермен салыстырмауға шақырады. Оқу кезінде қиналатын баланы жалқау немесе қабілетсіз деп бағалау мәселені шешпейді. Керісінше оның оқу тәсілін өзгертіп, жеке қолдау көрсету қажет.

Мектеп жасындағы дислексия мен дисграфияны қалай анықтауға болады
Фото: видеодан алынғын скрин

Дислексияны қай жастан бастап анықтауға болады?

Оқу дағдысы бір күнде қалыптаспайды. Бала мектепке дейін әріптермен танысып, қалам ұстауды, сурет салуды, дыбыстарды ажыратуды үйренеді. Ал мектепке барған соң осы дағдылар біртіндеп жетіледі.

Шолпан Нұрахметованың айтуынша, бірінші сыныпта баланың оқу қабілетіне қатысты түпкілікті қорытынды жасауға асықпаған жөн. Өйткені бұл кезеңде оқушыға әріп танып, дыбыстарды ажыратып, буындап оқуды үйретеді. Балалардың оқу қарқыны да әртүрлі болады.

Ал екінші сыныптан бастап оқу мен жазу дағдыларындағы тұрақты қиындықтарды бағалап, қажетті диагностика жүргізуге мүмкіндік туады. Егер бала әріптерді әлі де шатастырып, сөздерді байланыстыра алмаса немесе жазуда жиі қате жіберсе, маман көмегіне жүгінген дұрыс.

— Қазір мұндай балаларды анықтауға мектептердегі психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері де көмектесе алады. Мамандар баланың оқу ерекшелігін зерттеп, оған қандай әдіс тиімді екенін анықтайды. Қажет болған жағдайда дефектолог пен логопедтің көмегі ұсынылады, — дейді логопед.

Дислексия мен дисграфиясы бар балаларға ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар ретінде жеке назар аудару маңызды. Себебі барлығына бірдей оқу тәсілін қолдану олардың мүмкіндігін толық ашуға көмектеспеуі мүмкін.

Баланың оқу дағдысын қалай түзетуге болады?

Маманның айтуынша, дислексия мен дисграфияны біржола жойып, толық емдеп шығу туралы түсінік дұрыс емес. Бұл — нейродаму ерекшелігі. Дегенмен арнайы жаттығулар мен жүйелі жұмыс арқылы баланың оқу және жазу дағдыларын дамытуға, қиындықтарын жеңілдетуге болады.

Мәселен бала сөздің ішіндегі әріптерді бірден тұтас қабылдай алмаса, алдымен сөздің басы мен соңындағы әріптерді ажыратуға үйреткен жөн. Кейін сөзді буынға бөліп оқуға болады. Маман мұны шапалақтау немесе адымдау арқылы буынға бөлу тәсілімен түсіндіреді. Мұндай жаттығулар баланың назарын жеке дыбыстар мен буындарға шоғырландыруға көмектеседі.

Мысалы, «қанағат» сөзін бірден оқуға қиналатын бала оны «қа-на-ғат» деп бөліп, әр буынды жеке қабылдай алады. Осылайша мәтіндегі әріптерді шатастырмай, сөзді біртіндеп тануға дағдыланады.

Жазу кезінде де баланың назарын дыбыстардың айтылуына аудару қажет. Мәселен, «доп» сөзін жазар алдында оны ішінен қайталап, соңғы дыбыстың қалай айтылатынын анықтауға болады. Мұғалім диктант оқыған кезде оның артикуляциясына, яғни дыбысты қалай айтатынына назар аудару да көмектеседі.

Маманның пікірінше, мұндай жаттығуларды баланың қабылдау ерекшелігіне қарай бейімдеу керек. Бір балаға сөзді буынға бөлу тиімді болса, екіншісіне әріптерді жеке танудан бастаған дұрыс.

Мектепте балаға қандай жағдай жасалуы керек?

Маман Еуропа мен АҚШ-тағы білім беру тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, кейбір елдерде дислексиясы бар балаларға мәтінді міндетті түрде белгілі бір уақыт ішінде оқыту немесе жылдамдыққа негізделген тапсырмалар беру талап етілмейді. Дисграфиясы бар оқушыларға да жазу тапсырмаларын орындауда жеке жағдай жасалады.

Ал бізде мұндай ерекшеліктерді қоғамның қабылдауы әлі де бірізді емес. Кейде баланың оқу кезінде қиналуы оның қабілетсіздігімен байланыстырылып, сыныптастарынан қалып қоймауы үшін оған қосымша қысым жасалады.

Сондықтан маман мектептегі оқу бағдарламасын баланың мүмкіндігіне қарай бейімдеудің маңызын атап өтті.

Оқушының оқу жылдамдығын өзгелермен салыстырудың орнына, оның жеке ілгерілеуіне назар аудару қажет.

Дислексия мен дисграфиясы бар баланы қолдауда ата-ананың да рөлі зор. Баланың қатесін қайта-қайта бетіне басу немесе ұзақ уақыт оқуға мәжбүрлеу оның қиындықтарын одан әрі ушықтыруы мүмкін. Оның орнына күнделікті қысқа жаттығулар жасап, әр жетістігін қолдап отырған жөн.

Маманның айтуынша, дислексия мен дисграфия бала есейгенде де сақталуы мүмкін. Алайда бұл оның білім алуына, кәсіби жолын таңдауына немесе қоғамға бейімделуіне кедергі болмауға тиіс. Ең бастысы — бала өз ерекшелігін түсініп, онымен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін меңгеруі керек.

Демек дислексиясы бар балаға қойылатын басты талап — өзгелермен бірдей оқу емес, өз мүмкіндігіне сай білім алуына жағдай жасау. Ал мұның алғашқы қадамы — баланы түсіну, ерекшелігін қабылдау және дер кезінде маман көмегіне жүгіну.

Айта кетейік, бұған дейін, логопед-дефектологтарға сұраныс артып келе жатқанын жазған едік.