Мектеп жасындағы балаларға арналған мәдени норматив бекітілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов жауапты ведомствоға мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітуге қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет министрлігінің алдында бірқатар маңызды міндет тұр. Біріншіден, мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітуді жеделдетуіміз қажет. Бұл құжат руханият және өнер салаларындағы мәселелердің жүйелі тұрғыда шешілуіне жол ашып, отандық киноға, театрларға, мәдениет ошақтарына халықтың ықыласын одан әрі арттыруы тиіс. Театрға, музейге, кітапханаға, көрмеге және басқа да мәдени іс-шараға тұрақты баруды дәстүрге айналдыру басты міндеттің бірі. Ол үшін министрлік әкімдіктермен бірге өнер ошақтарын, оның ішінде театрларды қолдау шараларына ерекше назар аударуы тиіс», - деді А. Көлгінов Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, қоғамда кітап оқуды дәріптеуге зор көңіл бөлу қажет. Кітапханалар қорын көпшілік арасында сұранысқа ие отандық және шетелдік жазушылардың шығармаларымен толықтырылып отыры маңызды. Сұранысқа қарай кітапхана қорын электронды форматқа көшірілуін кезең-кезеңмен қолға алу керек.

«Тұжырымдама аясында мектеп жасындағы балаларға арналған мәдени норматив бекітіліп, өскелең ұрпақты рухани құндылықтармен сусындатуға басымдық беру жоспарланып отыр. Мұндай қадам балаларды жан-жақты дамытуға, олардың шығармашылық ой-өрісін ілгерілетуге жол ашады. Бұл маңызды бастаманы іске асыру механизмдерін Оқу-ағарту министрлігімен, әкімдіктермен бірге жан-жақты пысықтауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы тұжырымдамада мәдениет саласының дамуына тың серпін беретін кешенді шаралар қарастырылуы тиіс.

«Министрлік белгіленген тәртіппен құжат жобасының келісу рәсімдерін аяқтап, Үкімет отырысында қабылдануын қамтамасыз етуі қажет», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар