Мектеп жоқ, лифт жиі сынады: Семей тұрғындарын толғандырған мәселелер қандай
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласындағы Қарағайлы ықшамауданы — көпқабатты үйлер көптеп салынып жатқан аудан. Алайда сол жаққа көшіп барған халыққа қаншалықты жағдай жасалған? Kazinform редакциясына хабарласқан аудан тұрғындары бірнеше мәселені көтерді.

«Баланы қаланың әр бұрышына тасимыз»
Қарағайлы ықшамауданы Семейдегі ең негізгі, орталық аудан деуге болады. Себебі қаладағы құрылыс жұмыстарының басым бөлігі осында жүріп жатыр. Алайда әлі күнге дейін ықшамауданда мектеп жоқ. Бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр.
— Абай облысы Шығыс Қазақстаннан бөлініп, жеке өңір болған соң Семей оның орталығына айналды. Сол кезде қалаға көшіп келгендер Қарағайлыдан үй алып жатты. Әлі де облыстың әр ауданынан шаһарға бет бұратындар осы жаққа қоныстануды қалайды. Десе де біздегі өзекті мәселе — мектептің жоқтығы. Халық күнде таңертең балаларын қаланың әр бұрышына тасып жүруге мәжбүр. Бұл өте ыңғайсыз, — дейді аты-жөнін атамауды өтінген ықшамаудан тұрғындары.

Жалпы ауданы 295,2 гектарды құрайтын Қарағайлыда 227 көпқабатты үй бар. Бұл үйлерде 35,6 мың адам тұрады. Осыншама адам бүлдіршіндерін жар дегенде жалғыз балабақшаға сыйдыра алмай әлек.
— Бізде тек бір балабақша бар. Ондағы бала саны бірден толып қойған. Қалғандары перзенттерін басқа жақтағы балабақшаларға тасиды. Бұл негізгі ықшамаудан болғандықтан неге осы мәселе шешілмей келеді? — деп наразылығын білдірді жергілікті жұрт.
Одан бөлек, көпқабатты үйлердің лифтері жиі сынатын көрінеді. Соның салдарынан зейнеткерлер мен қолына баласын көтерген аналар биік қабатқа баспалдақпан көтеріліп, қара сорпа болып терлейді.

— Ықшамауданда азық-түлік сататын дүкен жоқтың қасы. Кешке жұмыстан қайтып келе жатып нан, сүт алу үшін алыстау жердегі дүкенге бару үшін біраз уақыт жаяу сабыламыз. Біздің осы мәселелеріміз тезірек шешімін тапса екен дейміз, — дейді тұрғындар.
900 орындық мектеп салынады
Kazinform тілшісі көптің көкейіндегі түйткілдердің жауабын білу үшін қала әкімдігіндегі құзырлы бөлімдерге хабарласып көрді.
Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мекетаевтың айтуынша, Қарағайлы ықшам ауданында «Назарбаев Зияткерлік мектебі», 5600 орындық «Абай Арена» мәдени-спорт кешені, 150 орындық оңалту орталығы және 320 орындық балабақша орналасқан.
— Аудан су бұру, телекоммуникация, сумен, жылумен және электрмен жабдықтаудың магистральдық желілерімен толықтай қамтамасыз етілген. 2025 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ желісі бойынша 1200 орындық жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ жобада төрт жалпы білім беретін мектептің (Үшеуі — 1200 орындық және 1 — 900 орындық), бес балабақшаның (1 — 140 орындық, 1 — 240 орындық, 3 — 320 орындық), мұз сарайының, спорттық-сауықтыру кешенінің, емхананың, неврологиялық орталықтың, әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы көзделген. Бұдан бөлек, ойын-сауық орталықтары, өрт сөндіру депосы, әлеуметтік және өзге де объектілерде көлік қоюға арналған ашық және жабық паркингтер салынады, — дейді ол.
Тұрғын үй құрылысы да жалғаспақ. Қазіргі уақытта ықшам ауданда салынатын 54 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр екен.

4 лифт ауыстырылған
Ал лифт мәселесі қатысты тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінен жауап берді.
— Тұрғындар тарапынан жеделсатылардың ақауы туралы арыздар түскенін және осы тұрғыда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу бойынша бюджеттік кредиттеу бағдарламасы «Семей қаласының аумақтық басқару және тұрғын үй қорының орталығы» КММ мекемесімен жүзеге асырылып жатқанын хабарлаймыз. Бүгінде Семей қаласы бойынша аталмыш бағдарлама арқылы 4 жеделсаты ауыстырылған, — дейді бөлім басшысы Диана Шаяхметова.
Оның айтуынша, жеделсаты ауыстырғысы келген азаматтар өтініш жазып, мына құжаттарды өткізуі тиіс:
1) Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 42-бабына сәйкес басқару органын — ПИК (пәтер иелері кооперативі), МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі), үй кеңесі, жай серіктестіктің сенім білдірілген адамы) сайлау туралы үй иелерінің жалпы жиналысының хаттамасы;
2) Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылдау бойынша үй иелерінің жалпы жиналысының хаттамасы. Шешім үй иелерінің жалпы санының 2/3-тен астам дауысы болған кезде қабылданды деп есептеледі;
3) Үйдің техникалық паспорты (кіреберіс алаңы, жертөле және т.б);
4) Пәтер иелерінің техникалық паспортына сәйкес пайдалы алаң туралы мәліметтер;
5) Жылжымайтын мүлік пен мүлікке тіркелген құқығы туралы анықтама;
6) «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 32-бабына сәйкес жай серіктестіктің сенім білдірілген тұлғасы үшін бірлескен қызмет туралы шарт.

— Заңға сәйкес, пәтер иелері жалпы жиналыста кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу (жаңғырту, реконструкциялау, реставрациялау) жүргізу туралы шешім шығаруы қажет. «Кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібін бекіту туралы» 1-тараудың 4-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органның бюджет қаражаты болған кезде жиналыс шешімінің негізінде пәтер иелерінің қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету шартымен жеделсатыларды жөндеуді, ауыстыруды немесе орнатуды жүзеге асырады. Тиісінше, жергілікті атқарушы орган бюджеттік кредит және тұрғын үй қарызы шеңберінде қаражаттың қайтарылуына мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етеді. Осы бағдарламаға қатысты сұрақтарыңыз болса Семей қаласы Ұранхаев көшесі, 53 үй, 1-қабат мекенжайы бойынша келсеңіздер, не болмаса 8(7222)-35-55-06 телефон нөміріне хабарлассаңыздар болады, — деп түсіндірді Диана Шаяхметова.
Екі павильон қойылмақ
Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркебұлан Накиповтың айтуынша, қазіргі уақытта Қарағайлы шағын ауданында «Ақшын маркет», «Norma 2» минимаркеті, «Ет өнімдері» дүкені жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ әеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату бойынша «Семей „ӘКК“ АҚ-ның 2 фирмалық павильоны орналасқан.
— Алдағы уақытта ықшамауданда «Семей „ӘКК“ АҚ тұрақтандыру қорынан бакалея және жеміс-көкөніс өнімдерін сататын екі павильон қою жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, дүкен ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, — дейді ол.
P. S. Қарағайлы халқын толғандырған мәселелер алдағы уақытта біртіндеп шешімін табатын секілді. Биыл бір мектеп пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта балабақшалар салып, дүкен де ашу жоспарланып отыр. Мәселе Kazinform тілшілерінің бақылауында болады.
Еске салсақ, осыған дейін «Таза қала» жобасы Семейдің тазалығын тексергені хабарланған.
