Мектепке оралатындарыңа сенімдімін – Тамара Дүйсенова ауыр дертке шалдыққан балаларды Білім күнімен құттықтады

«Бүгін үш миллион бала мектепке барды. Дертпен күресіп жүріп, жігері бар, оқуға құштар осындай балалар барын мақтан етемін, барлықтарың да оқу озаты болатындарыңа, өз мектептеріңе қайта оралатындарыңа сенімдімін. Сендермен алдағы уақытта кездескен кезде, әрқайсысың жеңімпаз екендеріңді білетін боламын. Барлық салада да жеңімпазсыңдар!», - деді Тамара Дүйсенова балаларды құттықтай отырып.
Қазіргі уақытта Орталықта көптеген балалар стационарлық ем қабылдап жатыр, солардың арасында онкогематологиялық ауруға шалдыққан науқастар, диализдік ем қабылдайтын және ағза трансплантациясынан кейінгі балалар бар.
Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққан 4400 бала есепте тұр. Олардың көпшілігі ауыр деңгейдегі лейкозбен ауырады. Біздің елімізде жоғары дозалы химиялық терапия, таргетті иммундық терапия, сүйектер мен буындарды эндопротездеу, сүйек кемігін аутотрансплантациялау сияқты онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа әдістері зерттеліп, тәжірибеде қолданылып келеді. 2012 жылдың сәуірінен бастап UMC-де алғаш рет сүйек кемігін аллогендік трансплантациялау басталды.
«Ең алдымен Білім күнімен құттықтаймын! Бұл әр адамның өміріндегі маңызды кезең. Бүгінде адамзат атаулы қол жеткізген әр технология мен білімді осы жерде тәжірибеге енгізетін боламыз. Дәл қазір осы жерде тұрған балалар болашақта армандарына жетсін. Біреулеріңіз бұл жерде профессор, доктор немесе клиниканың басқа да бір маманы ретінде де келетін күнге жеткенде, бүгінгі күнді күліп еске алатын болайық», - деп атап өтті UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя.
Балалар клиникада ұзақ уақыт бойы емделуіне байланысты, UMC Ана мен бала орталығында негізгі пәндер бойынша мектеп жасындағы балаларға арналған сабақтар өткізілетін арнайы оқу сыныбы бар. Орташа есеппен жылына 146 бала Орталық қабырғаларында білім алады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бағдарламасына сәйкес, оқушылардың алған бағалары мектептерге жіберіледі және тоқсанды/сыныпты бітіріп, білім алғаны туралы сәйкес құжат ала алады.
Тамара Дүйсенованың UMC Ана мен бала орталығында ем алып жатқан балалармен және клиника басшылығымен кездесуіне ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник те қатысты. Білім күніне орай Орталық кітапханасына мектеп оқулықтары мен кітаптар сыйға тартылды. Іс-шара соңында балаларға арналған мерекелік жиын өтті.