Мектепке жол: БҚО-да 2 мыңға жуық оқушыға 92 млн теңге көмек көрсетілді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқкиім және басқа керекті заттарды сатып алу үшін 434 млн теңге қарастырылды.

БҚО білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақжарқын Темірханованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін 1 991 оқушыға 92 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Оның сөзіне қарағанда, әр баланың ата-анасының карт-шоттарына 46 228 теңгеден аударылды.
- Жергілікті бюджет есебінен Қазақстан Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысы негізінде жалпыға бірдей білім беру қорынан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ басқа да санатқа кіретін жеткіншектерге көмек көрсетіледі. Ата-ана білім беру ұйымдарына барып, мектеп директорына өтініш жазады. Санатқа сәйкес көмек алатын ата-ана банктерде арнайы шот ашады, ақша соған аударылады. Қаражатқа алынған киім, аяқкиім, оқу құралдарын сатып алғандығы туралы түбіртегін білім беру ұйымына тапсырады, - деді А.Темірханова.
Оның айтуынша, 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасатын «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әр азамат халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауға жәрдем беріп, үлес қоса алады.