Мектепке жол: ШҚО-да әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 247 баласы мектеп формасымен қамтылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 247 баласы мектеп формасымен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір аумағында «Мектепке жол» акциясы жүргізіліп жатыр. Тамыз айының басынан бері осы уақытқа дейін әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 247 баласына 9 млн теңгеге мектеп формасы сатып алынды. 15 млн теңгеге 1208 балаға сөмке мен кеңсе тауарлары алынған.
«Акция аясында тек кәсіпкерлер емес, қарапайым халық та ақша жинастырып, қайырымдылық жасап жатыр. Кейбіреулер өз аты-жөнін айтпай, жасырын түрде көмек көрсетуде. Жалпы «Мектепке жол» акциясы 31 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұдан бөлек, «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан да ақша бөлінуде. ҚР Үкіметі қаулысының өзгерістеріне сәйкес былтырдан бастап қордан әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мектеп формасы, аяқ киім, оқу құралдары мен керек-жарақтарын сатып алу үшін ата-аналарының шоттарына 40 567 теңгеден аударылады. Бұл сома биыл облыстағы 14 540 ата-ананың шотына жіберілген», - дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Шығыс Қазақстанда түрлі әлеуметтік шаралармен мектепке баратын 22 мың бала қамтылды. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан 14 мыңнан астам оқушыға мектепке керек-жарақтарын сатып алуға жергілікті бюджеттен 895 млн теңге бөлінген.