Мектепте лаңкестікке қатысты жаңа пән енгізудің еш қажеті жоқ - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарапшы, ҚР БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті Серік Ырсалиев мектеп бағдарламасына лаңкестікке қарсы тақырыпта жаңа пәннің енгізілуінде еш қажеттілік жоқ деп санайды.

Мектепте лаңкестікке қатысты жаңа пән енгізудің еш қажеті жоқ - сарапшы

«Қазіргі заман өте күрделі. Ақпарат жыл сайын екі есеге артып жатыр. Біздің өмірімізде бізге ұнайтын және ұнамайтын көптеген оқиғалар орын алуда. Енді сол оқиғалардың барлығына жеке пән енгізе беретін болсақ, біздің мектептерде оқыту бағдарламасы қандай болып кететінін елестетіңізші?!» - деді С. Ырсалиев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуына қарағанда, ЭЫДҰ қатарындағы озық елдер 80-ші жылдары заманауи қауіп-қатерлердің әр қайсысына жаңа пән енгізу тәжірибесі түкке пайдасыз екендігін түсініп, білім беру жүйесін бүгінгі жағдайдағы қалыпқа сай жасай білді.

«Әлем тым жылдам түрленуде және сол себепті оны болжап білу қиын болып кетті. Оның барлығын бағдарламада ескеріп отыру мүмкін емес. Осы кезде дамыған мемлекеттер басқа жолмен кетті. Олар оқушылар осынау үлкен ғаламда қыруар ақпаратпен өздігімен жұмыс жасай алатындай, оны іріктеп, талдау жасап, жүйелеп және тиімді қолдана алатындай білім беру жүйесін жасау керек деп шешті. Осының барлығы 80-ші жылдардың соңында ойластырылып қойған. 1997 жылы олар білім берудің осы парадигмасына көшті және 2000 жылы PISA деп аталатын аталмыш құралдарды жасады. Әр үш жыл сайын біз оны талдап келеміз», - деп атап өтті сарапшы.

«Ол кезде біздің ел күрделі кезеңдерді бастан кешіп жатқан еді, бізге мемлекетті сақтап қалу басты міндет болатын. Білім беру жүйесі енді ғана қалыптасып жатты. Сондықтан бізге оны енгізу мүмкін болмады. Қазір біз шамамен 20 жылға қалып қойдық. Тек биыл ғана біз 1 қыркүйектен бастап, 1-сынып үшін  оқушыларға осы әлемде өздігімен жол табуға, талдау жасауға дұрыс шешім жасауға үйрететін білім беру бағдарламасының жаңа мазмұнын енгізетін боламыз. Осы себепті қазіргі қоғам алдында тұрған қауіп-қатерлердің барлығына жаңа пәндер енгізу мүмкін емес. Білім беру жүйесінің мазмұнын өзгерткен әлдеқайда маңызды», - деді ол.